Еуропа чемпионатының 1/8 финалында қай құрамалар кездеседі

Еуропа чемпионатының 1/8 финалында қай құрамалар кездеседі
Футбол

Sportbox

Euro-2024 доп додасының 1/8 финалында кездесетін құрамалар белгілі болды, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Плей-офф сатысында Испания мен Грузия, Германия мен Дания, Португалия мен Словения, Франция мен Бельгия, Румыния мен Нидерланд,  Швейцария мен Италия, Аустрия мен Түркия, Англия мен Словакия құрамалары кім мықтыны анықтайды.

Айта кетейік, дүбірлі доп додасының аталған сатысындағы ойындар 29 маусым мен 2 шілде аралығында өтеді.

Плей-офф сатысына дейін құрамалар жалпы саны 36 ойын өткізді. Номиналды алаң иелері 10 мәрте жеңіске жетсе, 12 кездесуде қонақтар басым түсті. 14 кездесуде тең есеп тіркелді.

Топтық кезеңде барлығы 81 гол соғылды. Әр матчта орташа көрсеткіш 2,25 голды құрады. 16 пенальти белгіленіп, соның 13-і голға айналды. Төрешілер ойыншыларға жалпы саны 231 сары және 5 қызыл қағаз көрсетті.

Топтық кезеңде 3 гол соққан (2 пенальтиден) Джордж Микаутадзе (Грузия) әзірге үздік шабуылшылардың көшін бастап тұр. Никлас Фюллкруг, Джамал Мусиала (екеуі де Германия), Иван Шранц (Словакия), Годи Гакпо (Нидерланды), Разван Марин (Румыния) екі голдан соқты. Германиядағы дүбірлі доп додасында плей-офф сатысына дейін 7 автогол тіркелді.