EURO-2024: Бельгия құрамасы Румынияны 2:0 есебімен жеңді

EURO-2024: Бельгия құрамасы Румынияны 2:0 есебімен жеңді
Футбол

uefa.com

Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Бельгия мен Румыния құрамалары кездесті, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Ойын бастала салысымен Тедеско жаттықтыратын футболшылар допқа иелік етіп, шабуылда белсенді ойнады. Матчтың 2-минутында Юри Тилеманс гол соғып, құрамасын алға шығарды. Бірінші таймда Бельгия құрамасының тағы да Румыния қақпасына доп салатын бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. 

Екінші таймда да бельгиялықтар қорғана жүріп, шабуылда сауатты ойнады. Шабуылшы Лукаку 64-минутта қарсылас қақпасын дәл көздеген. Бірақ бас қазы футболшының ойыннан тыс қалғаны туралы белгі беріп, голды есепке алған жоқ. Дегенмен араға 16 минут салып Кевин Де Брюйне ойынның нүктесін қойды.

Айта кетейік, әзірге төрт құрама топта үш ұпайдан еншіледі. Үшінші турда топтан шығатын екі құрама белгілі болады.