Түркістан: Жетісайда шахматтан ерлер мен әйелдер арасында біріншілік өтті

Түркістан: Жетісайда шахматтан ерлер мен әйелдер арасында біріншілік өтті
Шахмат

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының әр аудан аумағынан шахматты дамыту туралы арнайы тапсырмасына сәйкес Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Жетісай шахмат федерациясының» ұйымдастыруымен ерлер мен әйелдер арасында аудандық біріншілік өтті, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Бүгінде спорт түрінің бренд ойындарының біріне айналған шахмат ойынына 50-ден астам тұрғын қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Аталған іс-шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысты. Ол өз кезегінде байрақты бәсекенің мақсаты жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, зияткерлік пен шахматтан жаңа таланттарды анықтау екенін айтты.

9 турдан тұратын біріншілікте жүлдегерлер ерлер, әйелдер және 60 жастан асқан қатысушылар арасында анықталып, олар ұйымдастырушылардың дипломдары мен кубоктарына ие болды.

Айта кетейік, бүгінде ауданда шахмат ойынын дамыту мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 4 штат жаттықтырушы, аудан әкімдігінің қолдаумен «Жетісай спорт клубы» КММ-не 2 штат жаттықтырушы лауазымдары берiліп, шахмат үйірмелеріне қатысатындардың саны 150-ге жуықтаған.