Жеңіп тұрып жеңілдік: Қазақстан Әзербайжан құрамасына есе жіберді

Жеңіп тұрып жеңілдік: Қазақстан Әзербайжан құрамасына есе жіберді
Футбол

Prosports.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халадашта өткен жолдастық кездесуде Әзербайжаннан 3:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Ойынды қазақстандық футболшылар жақсы қарқынмен бастаған. Кездесу бастала сала Вороговский жылдам гол соғып, құраманы есепте алға шығарды. Араға 26 минут салып Абат Айымбетовтің пасын Максим Самородов пайдасына жаратып, мергендігімен көзге түскен. Әрмен қарай қарсылас команда шабуылды үдетіп, басымдығын анық байқатты. Бірінші тайм аяқталар тұста Динамо Загреб шабуылшысы Махир Эмрели есеп айырмасын қысқартты. 

Әзербайжан құрамасының футболшылары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қос қапталдан қауіпті шабуылдарын ұйымдастырып, таразы басын теңестіруге тырысты. Матчтың 50-минутында Қазақстан құрамасының ойыншысы Исламбек Қуат айып алаңының ішінен қарсылас ойыншысына қарсы ойын тәртібін бұзып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Эмин Махмудов пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал, кездесудің 73-минутында Тұрал Байрамов жеңісті голды салып, Әзербайжан құрамасы кэмбек жасады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Армениядан 2:1 есебімен жеңіліп қалған болатын.