Эльмир Алимжанов: Біздің тарихи нәтижемізге бүкіл әлем таң қалуда
Шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Париж Олимпиадасына (Франция) тарихи жолдама жеңіп алды. Сондай-ақ, біздің шпагашылар Тбилисиде (Грузия) өткен әлем кубогі кезеңінде қола медальға қол жеткізді. Осыған орай, команда мүшесі Эльмир Алимжанов Olympic.kz сайтына пікір білдірді.
"Тарихи нәтиже тіркедік. Командалық сында жолдама алудың реті келмей жүрген. Мен үшін бұл бесінші цикл. Төрт рет лицензияға сынық сүйем қалғанда тоқтаған едік. Сондықтан, бұл тарихи жолдама біз үшін өте құнды. Бірден төрт қазақстандық спортшы Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін алды. Оның үшеуі жекелей сында бақ сынаса, толық құраммен командалық жарыста сынға түсеміз. Мен мұны сенсация деп айтушы ем. Біз бұл нәтижені ұзақ күттік. Бәріміз де бақыттымыз! Олимпиадаға жолдама алғанымызды білген соң, емін-еркін қылыштаса бастадық. Міне, өздеріңіз көргендей, шешуші әлем кубогінің қола медалін жеңіп алдық. Біздің бұл нәтижемізге бар әлем таң қалуда. Жапондықтарға қарсы жақсы дайындалдық. Ешқандай қысым болған жоқ. Қарсыластарымыз да жолдама мәселесін шешіп қойған. Десе де, бұл кездесу өте тартысты болды. Азия ойындарының финалында оларға жол берген едік, сондықтан қандай жолмен болса да, жеңуді ойладық. Тактикамызды аздап өзгертіп едік, бәрі сәтті болды. Қолдау көрсеткен баршаңызға көп рахмет", - деді Алимжанов.
Айта кетелік, семсерлесуден Қазақстан командасы рейтинг бойынша Азияда бірінші орын иеленіп, Олимпиадаға жолдама алды. Ал құрлық үздіктерінің бірі әлем кубогінің нәтижесі бойынша Парижге тікелей жолдама алған болатын.
Шпагашылардың бұл жолдамасы тарихи жолдама саналады. Бұған дейін Қазақстан командасы жазғы ойындарға толық құраммен қатыспаған. Олимпиада жолдамасын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай жеңіп алды.
Әлем кубогінің қола медалі үшін таласта Қазақстан Италияны жеңді.