Жолдамаға бір қадам: Семсерлесуден Қазақстан командасына қатысты тың дерек айтылды

Жолдамаға бір қадам: Семсерлесуден Қазақстан командасына қатысты тың дерек айтылды
Семсерлесу

Фото: Сали Сабиров

Семсерлесуден мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов Қазақстан командасының тарихи нәтижеге жақын екенін айтты. Бұл туралы ол Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлім еткен, деп хабарлайды Bassport.kz. 

«Шпагадан Қазақстан командасы тарихи нәтиже тіркеуі мүмкін. Бүгінде Олимпиада жолдамасын қалтаға салу үшін бір қадам қалды. Грузияның Тбилиси қаласында өтетін әлем кубогінің соңғы кезеңінен соң бәрі де белгілі болмақ. Негізі, аталған әлем кубогі кезеңі Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтуі тиіс еді. Әлемдік ұйым Грузияға ауыстыруды дұрыс деп санапты. Қазіргі таңда шпагамен семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік және олимпиадалық рейтингте 5-орында келеді. Париж Олимпиадасына рейтингте алғашқы төрт орында тұрған команда тікелей жолдама алады. Ал қалған командалар өз құрлығы бой ынша бірінші орында тұрса, Олимпиада лицензиясына иелік етеді. Біздің де мақсатымыз – Азия құрлығында бірінші орын алу арқылы Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізу», - дейді жаттықтырушы.

Олимпиада жолдамасына таласта Қазақстан командасының құрлықтағы басты қарсыласы Оңтүстік Корея командасы болмақ.

«Құрлыққа беретін жалғыз жолдамаға бізбен бірге Оңтүстік Корея да таласады. Ал Жапония құрамасы олимпиадалық рейтингте алғашқы төрттікке енгендіктен, Париж ойындарына тікелей лицензия алып отыр. Қазіргі рейтингте Корея біздің өкшемізді басып, алтыншы орында келеді. Біз олардан 26 ұпай артық жинадық. Тбилисидегі әлем кубогі кезеңінің іріктеу турнирінде олармен жолымыз түйіспейді. Ал егер екі команда да финалға шығатын болса, біз оларды жеңеміз деп сенемін. Егер біздің шпагашы жігіттер Олимпиада жолдамасын алатын болса, бұл тарихи нәтиже болмақ. Себебі, семсерлесуден Қазақстан командасы бұған дейін командалық сында Олимпиадаға қатыспаған.