QFL атауы ҚКФЛ-ды ауыстырады: отандық футболда қандай өзгерістер болады?
Бүгін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жаңа брендінің таныстырылымы мен жаңа маусымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BasSport.kz.
Футбол саласындағы мамандар мен БАҚ өкілдеріне Лиганың жаңа атауы – QFL (Qazaqstan Football League), жаңартылған логотип және «Футболмен бірге» (футболмен бірге) ұраны таныстырылды. Заманауи көрнекілік пен лаконикалық үлгідегі логотипте Республикамыздың дәстүрлі рәміздеріміздің бөліктері бар. Мемлекеттік тудың түстері де қамтылған. Мысалы, тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының бірі —бүркіт Q әрпімен бейнеленген. Осылайша жаңа логотип лиганың ауызбіршілігін білдіреді.
«Біздің лигамен бірлескен жұмысымыз футбол бизнес индустриясын құруға бағытталған, онда футбол — демеушілер мен инвесторлар үшін қызығарлық актив, халық үшін әлеуметтік маңызы бар өнім және халықаралық деңгейде мемлекет үшін мақтаныш болуы керек. Бүгінгі таңда лига өзінің алдында тұрған міндеттерді орындауға және стратегияның барлық тармақтарын жүзеге асыруға қауқарлы. Бұл шынайы және қол жеткізуге болатын мақсаттар», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов.
Бренд пен логотиптен басқа Республикамызда футболды дамытуға бағытталған бірқатар жобалар ұсынылды. Мысалы, Лига кубогы және Әйелдер лигасы сынды жаңа турнирлердің жүзеге асатындығы жарнамаланды. Бірінші турнирге 16 отандық клуб қатысады, олар тек беделді кубок үшін ғана емес, сонымен қатар отандық футбол тарихындағы ең ірі жүлде қорын да сарапқа салады. Бұл 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, Әйелдер лигасының ашылуына ерекше назар аударылды, онда еліміздің 5 өңірінен 6 клуб өздерінің қатысатындығын растады.
«Футболмен бірге — бұл біздің ұранымыз, өйткені лига футболды дамытуға бағытталған барлық міндеттерді жүзеге асыруда мемлекетпен, демеушілермен және жанкүйерлердің адал армиясымен тығыз байланысы қажет. Мен Қазақстанда туып-өстім, бұл менің отаным және клубтардың маған және командама біздің лиганы дамыту жөніндегі осындай маңызды миссияны сеніп тапсырғаны мен үшін үлкен құрмет. Біз үшін отандық футбол, бір жағынан, заманауи, серпінді дамып, ең үздік еуропалық лигаларының футбол индустриясында ойлап табылған барлық жақсы дүниелерін сіңіріп, сонымен қатар өзіндік бірегейлігін сақтап қалуы өте маңызды. Үш жыл ішінде біз бірқатар жобаларды жүзеге асырып, лигамызды халықаралық деңгейге өсіруіміз қажет», - деді Qazaqstan Football League президенті Рафаэль Гарибян.
Сонымен қатар, жақын арада жаңа Q-Football телеарнасы қосылатыны белгілі болды. Сондай-ақ, кеш соңында барлық қатысушыларға QFL ресми добы көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, 1 наурыздан бастап, Qazaqstan Football League брендімен Премьер-Лиганың жаңа маусымы басталады.