Жанқош Тұраров неге қарсыласын нокаутқа түсірмеді. Ұйымдастырушылар хейтке жауап берді
Қазақ боксшысы Жанқош Тұраров 10 желтоқсанда Алматыда өткен бокс кешінде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Ол жапон мықтысы Акихиро Кондодан басым түсті. Отандасымыз бірінші орта салмақта IBO тұжырымы бойы белбеуін қорғады. Сонымен қатар WBA Gold World атағына қол жеткізді. Алайда біздің жанкүйерлердің бәрі бірдей осы жеңіске қуанды дей алмаймыз. Кейбірі Жанқоштан нокаут күтсе, енді бірі 38 жастағы жапон боксшысының шеберлігіне күмән келтіреді. Бірақ бір айтарлығы, ол осыған дейін IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласқан. Сол кезде төрешілердің шешімімен Сергей Липиннен жеңілген. Алматыдағы бокс кешін ұйымдастырушы, Movida Promotions промоутерлік компаниясының жетекшісі Әлімжан Қалдияр мұндай әңгіме айтып жүргендердің көбісі спорттан алыс, түсіне бермейтін жандар екенін айтады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бірінші кезекте қазақ халқын осы жеңіспен құттықтаймын. Жанқош Тұраров кезекті рет елдегі үздік кәсіпқой боксшының бірі екенін дәлелдеді. Сондықтан boxrec рейтингінде үздік ондыққа кіретіні бекер емес. 10 желтоқсанда жерлесіміз тәжірибелі жапон боксшысына қарсы бәсекеге сай жекпе-жек өткізді. Жалпы, Жанқош қалай жеңсе де, бірдеңе айтып қалатындар бар. Нокаутқа түсірсе, қапшықты ұрды дейді. Түсірмесе, әлсіреп қалыпты деп қорытынды жасайды. Қарсыласы осал емес. Бұған дейін IBF белбеуіне таласып, Сергей Липинге есе жіберген. Техникалық- тактикалық тұрғыдан Жанқош Кондодан басым түсті. Жанкүйерлер өздері де көрді. Жекпе-жек керемет өтті, - дейді Әлімжан Қалдияр.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров кәсіпқой бокста 27 рет жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 20-сында қарсыласын нокаутпен тізе бүктірген. Ал жапониялық боксшы шаршы алаңда 50 мәрте бақ сынаған.