Батыс Қазақстанда бәйге үздіктері марапатталды

Батыс Қазақстанда бәйге үздіктері марапатталды
Басқа

БҚО "Бәйге" федерациясы

Орал қаласында БҚО «Бәйге» федерациясы жылды қорытындылап, үздіктер марапатталды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Іс-шарада федерация президенті Сатқали Байзуллин жыл бойы бәйгелерде бабы мен бағы келісті болып, аламанның алдын бермеген жүйріктер мен иелерін, бапкерлерін және шабандоздарын, сондай-ақ бәйге спортының жанашырларын марапаттау игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, осы жылғы табыс-жетістіктер аз емес. Атап айтқанда, батыс жүйріктері еліміздегі айтулы бәйгелерге қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізген.

Сонымен қатар көршілес Башқұрт республикасындағы ұлттық фестивальге барған шабандоздар аламанның алдынан көрінген екен.

Биыл облыс басшылығының қолдауымен Ұлттық спорт мектебі жанынан «Бәйге» бөлімі ашылып, қазіргі таңда 30 бала жаттығып жүр.

Сатқали Демесінұлы осылайша ұлттық спортты ұлықтап, батыс өлкесінде бәйгені дамытуға үлес қосып жүргендерге алғысын білдірді.

Спорттың аталмыш түрін кәсіби тұрғыда дамыту жұмыстары әрі қарай жалғаса беретінін жеткізді. Кейін осы жылы бәйге ұйымдастыруға ерекше үлес қосқан Теректі, Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Шыңғырлау, Жаңақала, Казталов, Ақжайық аудандары әкімдіктеріне, бәйге жанашырлары мен демеушілеріне алғысхаттар ұсынды.

Орал қалалық спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов еліміздің көрнекті, ресми бәйгелерінде шауып, өзінің кәсіби біліктілігін көрсеткен шабандоздарға спорттық дәреже куәліктерін табыстады.

Олардың ішінде Миразат Айсұлтан, Боранбай Әбдурахман, Айболат Саян, Серікбай Саят бәйге спортынан «Спорт шеберлігіне үміткер» деп танылса, теректілік Бекенов Әлихан «І разрядты спортшы» атанды.

Сахнада сөз алған республикалық федерацияның вице-президенті Алмас Сапашев батыс атбегілерін жетістіктерімен құттықтап, ұлттық спорттың дамуына сіңірген еңбегі үшін казталовтық белгілі атбегі Нұрболат Әдиетов пен Армат Исановтың өңіріне «Сәйгүлік» медалін тақты.

Іс-шара барысында осы жылдың жүйріктерін баптаған бапкерлер марапатталды.

Олардың ішінде батыстың бас бәйгесіне айналған «Жайық жүйрігінде» өңір намысын қорғаған «Сильвия» атты арғымақтың бапкері Серік Жүндібаев, «Назкүрең» атты тұлпарды дайындаған Еламан Бектемірұлы, «Сұлтан» ныспылы сәйгүлікті баптаған Ернұр Нұржанұлы бар.

Сол секілді аламанның алдынан бірнеше мәрте көрінген «Ақбастаудың» бабын келістірген Бекзат Сабырғалиұлы, бабы мен бағы қатар шапқан «Тоқтамас» пен «Қарлығаштың» бапкері Нұрқанат Ғарифоллаұлы, «Нұртөбел» атты қолтума тайы «Жайық жүйрігінде» мәре сызығын бірінші болып кескен Асылбек Абатұлы атаусыз қалмады.

"2023 жылдың үздік арғымағы" болып «Жаңабаевтар» шаруа қожалығының «Сильвия» тұлпары танылды.

Сонымен қатар осы жылы үздіктерді тақымдаған жиырма екі шабандоздың есімі ерекше аталды.

Олардың қатарында биыл үш бірдей автокөлікті ұтқан жүйріктерге шапқан Еркеш Усан, сырымдық Ырысбек Мырзабекұлы, ақжайықтық Ержігіт Виталийұлы, оралдық Әли Еркебайұлы, Нұрислам Нұрлыбекұлы бар.