Шахматтан ұлттық құрама Азиадада алғаш рет жүлдеге қол жеткізді
Спортты дамыту дирекциясы
Шахматтан еліміздің әйелдер құрамасы Ханчжоу қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Шешуші 9-турда қазақ шахматшылары Өзбекстан құрамасын 3-1 есебімен жеңді. Осылайша, ұпай санын 13-ке жеткізді. Жарыс қожайыны Қытай чемпион атанса (17 ұпай), күміс медаль Үндістанға (15 ұпай) бұйырды.
ХІХ ойындарда ел намысын Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова, Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік қорғады.
Назарларыңызға олардың статистикасын ұсынамыз:
Динара Садуақасова – 5 жеңіс, 3 тең ойын.
Жансая Әбдімәлік – 3 жеңіс, 5 тең ойын.
Бибісара Асаубаева – 4 жеңіс, 2 тең, 1 жеңіліс.
Меруерт Камалиденова – 6 жеңіс, 3 жеңіліс.
Алуа Нұрманова – 3 жеңіс, 1 жеңіліс.
Естеріңізге сала кетейік, сары құрлық Олимпиадасында жекелей сында рапид, командалықта классикалық шахматтан мықтылар анықталды.
Жалпы Азиада бағдарламасына шахмат 2006 жылы Дохадағы ойындарда кірген.
Блиц түрінен Мұртас Қажығалиев чемпион атанса, аралас командалық сында Дәрмен Садуақасов және Дана Акетаевамен бірге жүлдеге бір табан жетпей тоқтаған. Араға 4 жыл салып, Гуанчжоу қаласында (Қытай) Мұртас Қажығалиев 4-сатыдан көрінсе, Гүлісхан Нахбаева 15-орынға табан тіреген.
Биыл шахматтан 3-рет Азия ойындарында жүлде жиынтығы сарапқа салынды.