Азия ойындары: 28 қыркүйектегі Қазақстан құрамасының нәтижелері
Тұрар Қазанғапов
28 қыркүйекте Азия ойындарында Қазақстан командасы екі алтын, бір күміс және алты қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Стенд атудан скит бағдарламасы бойынша аралас командалық сайыста өнер көрсетіп жатқан Әсем Орынбай/Эдуард Ещенко жұбы финалда Кувейттен басым түсті.
Ал нысана көздеуде Зухра Ирназарова алтын медаль алды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухраға тең келетін ешкім болған жоқ.
10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы (Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Александра Сәдуақасова) 2-орынға ие болды.
Жағажай волейболынан жұптық бәсекеде Дмитрий Яковлев пен Сергей Богату қола медаль үшін матчта Иран командасын жеңді, есеп - 2:0 (25:23, 30:28).
Спорттық гимнастикадан ат снарядында өнер көрсеткен 25 жастағы Нариман Құрбанов қола жүлдеге қол жеткізді. Отандасымыз 15.100 ұпай жинады.
50 метрге баттерфляй әдісімен жүзу жарысында Әділбек Мусин қола жүлдеге ие болды. Бұл спортшының осы Азиададағы екінші қола медалі. Кеше ол 100 метр қашықтықтағы осы әдіс бойынша да қола медаль алған.
Таеквондодан ұлттық құраманың спортшылары Дениз Жансель (+67 кг) және Смайыл Дүйсебай (+80 кг) Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды.
Семсерлесуден ерлер құрамасы (Мұхамедали Рахманәлі, Назарбай Саттархан, Жанат Нәбиев, Артем Саркисян) командалық жарыста қола медаль жеңіп алды.
Асланбек Шымбергенов қытайлық қарсыласын жеңіп, бокстан жарыстың келесі кезеңіне өтті. 5x5 баскетболда Қазақстанның ерлер командасы БАӘ құрамасын 59:49 есебімен жеңді, ал 3x3 баскетболда біздің отандастарымыз Таиландтан 19:16 есебімен үздік шықты.
Кирилл Герасименко үстел теннисінен 1/8 финалда вьетнамдық спортшыны 4-0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Су добынан әйелдер құрамасы Оңтүстік Корея командасын 24:4 есебімен жеңді.
Бесінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 3 күміс және 16 қола жүлде бар.