Әсем Орынбай: «Реал Мадрид» клубының жанкүйерімін
Тұрар Қазанғапов
Стенд атудан Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Әсем Орынбай «Реал Мадрид» клубының жанкүйері екенін айтты, деп хабарлайды Bassport.kz.
– Стенд ату спорты елімізде танымалдылыққа аса ие емес. Өзім Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ынтымақ ауылында туып-өскенмін. Стенд ататын алаңқай біздің үйге жақын орналасқан. Алғашқы әскери дайындық сабағынан беретін ұстазымыз стенд атуды үйретті де, менің қызығушылығым оянды. Оның үстіне әкем аңшы. Мені осы спорт түріне ертіп апарған әкем болатын. Өзі жақсы көреді. Басында қиындау болды. Өзімнің бойым да кіп-кішкентай. Кейіннен үйреніп кеттім. 2015 жылдан бері ұлттық құрама сапында түрлі жарыстарға қатысып жүрмін.
– Өзге қандай спорт түрлеріне қызығушылығыңыз бар?
– Үстел теннисін жақсы көремін. Бос уақытымда ойнап тұрамын. Сосын футболға қызығушылығым бар. Тамашалап тұрамын.
– Қай командаға жанкүйерсіз?
– «Реал Мадрид».
– Жалпы, стенд ату мен нысана көздеудің қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылық бірінші кезекте мылтықта деп ойлаймын. Біз далада ататын болсақ, олар жабық кешенде сайысқа түседі. Сосын бізге қозғалуға болады. Олар тек бір нүктеде тұрып атады.
– «Қазақ мерген халық болған» деп айтамыз. Бірақ бұл спорт түрінен қаракөздердің қатары неге аз деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз, қазақ балалары бұл спорт түріне бара бермейді. Дегенмен соңғы жылдары қатарымыз көбейіп келеді. Құрамада бұрын тек мен жүретінмін. Ал қазір Сәрсенкүл Рысбекова, Шыңғыс Егемқұл, Айжан Досмағамбетова секілді қыз-жігіттер бар.