Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты

Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты
Азиада 2023
Теннис

Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты, деп хабарлайды BasSport.kz.

Дүниежүзілік рейтингте 261-орында тұрған Евсеев үшінші айналымда әлемнің 184-інші, Азиаданың 6-ракеткасы, Тайбэй өкілі Тун-Лин Вумен шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта бірінші партияда 2:6 есебімен есе жібергенімен, содан кейін таразы басын өзіне аудара білді – 6:3, 6:4. Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 78-інші, доданың 2-ракеткасы, жапониялық Йосуке Ватанукимен таласады.

Евсеев – теннистен Қазақстанның Азиадада қалып отырған жалғыз үміті.

Басқаларының бәрі жекелей және жұптық сында жарыс жолынан шығып қалды. Соның ішінде рейтингте 297-сатыдағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 159-ракеткасы, үндістандық Сумит Нагалға 6:7 (9:11), 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалға шыға алмады.