Азия ойындары: тірлігі қайнаған Қытай, жайдары еріктілер және қазақтың қазысы
Фото авторлары: Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов, Нұрғали Жұмағазы
Араға бес жыл салып жазғы Азия ойындарының алауы қайта жанды. Джакарта мен Палембангтағы додадан соң арасы ұзап кетсе де, әлем спортындағы елеулі оқиғалардың бірін Қытай үлкен дайындықпен қарсы алуда. Ал Қазақстан құрамасының алғашқы делегациясы Ханчжоуға 20 қыркүйек күні ұшып келді. Содан бері спортшылар олимпиадалық қалашықпен танысса, журналистер қауымы спорттық нысандар мен медиаорталықта жұмыс істеуде, деп хабарлайды BasSport тілшісі.
Қытайға ештеңе де қиын емес
Бір жыл бұрын Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы абыроймен өткізіп, жақында ғана Чендуде бүкіләлемдік Универсиаданы қабылдаған Қытай үшін жазғы Азиада да аса қиындық тудырып жатқан жоқ. Бұған елдегі спорттық инфрақұрылымның жоғарылығы және мұндағы экономикалық әлеуеттің мықтылығы тікелей әсер ететіні анық.
Шамамен 12 миллионға жуық тұрғыны бар Ханчжоу қаласы шетелдік қонақтарды асқан ілтипатпен қарсы алып жатыр. Әуежайдан түскен бойда ашық жасыл түсті форма киген еріктілердің жүзы жылы ұшырайды. KAZ таңбасы бар тақтайшаларды да мұнда жиі көрдік.
Әрбір команда мен делегацияға бөлінген еріктілер өз жұмыстарын адал атқаруда. Олардың кейбірі ағылшын тілінен бөлек, орыс тілінде аздап сөйлей алады және қашан да жол көрсетуге дайын.
Қалашықта жанға керектің бәрі бар
Спортшылар орналасқан олимпиадалық қалашыққа жол түскен жоқ. Бұл жерге арнайы рұқсатпен баратындықтан, қалашықта қоныстанған спортшыларды сөзге тарттық.
Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Шынымды айтсам, маған қатты ұнап жатыр. Олимпиадалық қалашықта бәрі қарастырылған. Түрлі ұлттың асханасы бар. Тамақ жағынан таңдау көп, қиындық жоқ, - дейді әлем чемпионы Махмұд Сабырхан.
Ал боксшылардың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қанша ұлттың асханасынан дәм татса да, өзіміздің етке ештеңе жетпейтінін айтады.
Бұл менің бапкер ретінде қатысып жатқан кезекті төртінші Азиадам. Барлығы тамаша, өте жақсы ұйымдастырылған. Жігіттерге де ұнап жатыр. Тамақ жағынан да қиындық жоқ, қалағаныңды табасың. Бірақ біз үнемі өзіміздің ет пен қазыны алып жүреміз. Қай жарысқа барсақ та, сөмкемізден қазы табылады, - деді Айтжанов.
Тірлігі қайнаған медиа орталық
Ал медиа орталықтың тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр. Орталық аумағына бірнеше ғимарат сыйып кетеді десек, артық емес. Ұйымдастырушылар телеарна қызметкерлеріне бөлек зал арнаса, газет, сайт, ақпараттық агенттік тілшілеріне бөлек орын дайындаған. Орталықтағы алып экрандардан Азия ойындарындағы түрлі бәсекелер тікелей көрсетіліп жатыр. Одан бөлек, жүздеген журналистің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалған.
Медиа орталықтың холынан электрониканың түр-түрін көресіз. Ханчжоу Қытайдағы электрониканың отаны саналады. Сондықтан, көлемі бір үйдің қабырғасындай лед экрандарды, түрлі-түсті электронды мұнараларды, жалпы алғанда, заманауи техниканың неше атасын осы жерден кездестіресіз.
БАҚ қызметкерлері үшін арнайы тамақ ішетін асхана бар. Мұндағы тағамдардың тізімінде шек жоқ. Ең бастысы – халал асхананы да табасыз. Кітап оқитын, теледидар көретін, алаңсыз демалатын орындар да осы жерде.
Айтпақшы, журналистер қауымы түрлі сый-сияпаттан құр қалып жатқан жоқ. Азиаданы ұйымдастырушылар әрбір журналиске арнайы рюкзак дайындаған. Сөмкенің ішінен Азиаданың бойтұмары, термос, блокнот пен қалам және тағы да басқа керекті дүниелер бар. Ал елгезек еріктілер болса, жаныңа керектінің бәрін тауып береді.
Алғашқы нәтижелер қандай?
Ресми түрде Азия ойындарының ашылу салтанаты бүгін өтеді. Бірақ бірнеше спорт түрінен іріктеу сындары басталып кетті. Үстел теннисінен Қазақстан қыздар командасы Қытайға, ерлер командасы Тайпейге есе жіберді. Біздің команда сапынан Алан Құрманғалиев қана қарсыласын тізе бүктірді. Десе де, бүгін Мальдив құрамасын жеңген теннисшілер финалдық кезеңге жолдама алды.
Қазіргі бессайыстан іріктеу сынында Павел Ильяшенко мен Кирилл Стадник ел намысын қорғауда. Азиадаға алғаш рет қатысып отырған Кириллдің қобалжып тұрғанын оның оқ атқанынан байқауға болады. Десе де, жастығына және тәжірибесіздігіне қарамай Стадник финалға жолдама алып отыр. Мұның өзі үлкен жетістік екені рас.
Волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы Жапонияға есе жіберді. Бірінші және екінші сетте біздің жігіттер адуынды жапондарға қарсылық танытып бақты. Бірақ тәжірибенің аздығы кедергісін келтірмей қоймады. Бас бапкер жапондарға деңгейіміз жетпейтінін айтып, команданы еңсесін түсірмеуге шақырды.
Бүгін Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ресми шараға Қытай президенті Синь Цзинпин арнайы келетіндіктен, қазір мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр.
Авторы: Ақырыс Сейтқазы