Бернарду Силва «Реалға» ауысуға жақын
BSR Agency / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru
Португалиялық жартылай қорғаушы Бернарду Силва мансабын мадридтік «Реалда» жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды Bassport.kz.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, «Корольдік клуб» тәжірибелі футболшыға ресми ұсыныс жасаған. AS басылымы таратқан ақпаратқа сәйкес, мадридтік клубтың жаңа бапкері Жозе Моуринью отандасы Бернарду Силваны команда сапында көргісі келеді. Португалиялық маман ойын тәртібі жоғары, ұжым мүддесі үшін еңбек ететін футболшыларды ерекше бағалайды.
Дереккөз мәліметінше, тараптар 2+1 жүйесі бойынша келісімшарт жасауға жақын. Сондай-ақ «Реал» басшылығы келіссөздерді жеделдету мақсатында футболшыға ресми келісімшарт нұсқасын жолдаған.
Айта кетейік, бұған дейін Бернарду Силваға «Барселона» мен «Атлетико» да қызығушылық танытқан болатын. Алайда соңғы мәліметтер бойынша, мадридтік клуб трансферлік бәсекеде алға шыққан.