Елімізде «Шахмат керуені» басталды

Елімізде «Шахмат керуені» басталды
Шахмат

Ақмола облысы – «Шахмат керуені» республикалық жобасы барған алғашқы қала, деп хабарлайды BasSport.kz.

Жобаның идеясына саудамен қатар дүние жүзіндегі түрлі халықтардың мәдени және спорттық мұрасын алып келген Ұлы Жібек жолы шабыт берген.

Керуеннің келуі аясында Ақмола облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды.

«Шахмат керуені» ҚШФ логотипі бар жаңа фирмалық автобуспен 19 аймақты аралап шығады. Керуеннің фирмалық стиліне айналған көне «Мүйіз» ою-өрнегі береке мен молшылықты бейнелейді.

Ол шахматтағы маңызды фигура, қазақ мәдениетіндегі тектіліктің символы – жылқы бейнесімен үйлесім тапқан. Алаңға арнайы мобильді киіз үй орнатылды.

Бұл жылжымалы ойын бөлмесінде жылдам шахмат турнирі («Шахмат керуені» турнирінің жартылай финалы) ұйымдастырылды. Оған 48 адам қатысты.

Турнирдің 42 жастағы қатысушысы Руслан Мұхамеджанов облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды. Құрылыс саласында еңбек етіп жүрген ол шахматпен 20 жылдай айналысқан екен.

Осылайша Руслан 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алды.

Ол финалға облыстық турнир жүлдегерлері Асан Жаныбаев пен Жанбота Қамарова да қатысады.