Түркістанда пара-академиялық ескек есу спортын дамыту қолға алынды

Қазақстанда пара-академиялық есу спорты дамитын болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып BasSport.kz хабарлайды.
Спорт түрі Түркістан облысында тұңғыш рет қолға алынып, аймақта біріккен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған азаматтар арасындағы бұл сайыс паралимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы, Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Денис Жарменовтың бұл бастамасы биыл жүзеге аспақ.
Өзбекстанда пара-академиялық ескек есу спортынның негізін қалаған Фаррух Хамракуловпен келіссөздер жүргізген ол бірқатар келісімге қол жеткізген болатын. Нәтижесінде Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылмақ.
Бүгінгі таңда өңірде параатлеттер тобы іріктеліп, команда құрылды. Жігерлі жандар жаттығуға кірісіп кетті. Биылғы мақсат – Венгриядағы әлем чемпионатына қатысу. Сол додада 1-8-орын аралығындағы нәтижені көрсеткен спортшылар 2024 жылы өтетін Париж паралимпиадасына жолдама алады. Қалған спортшыларға одан кейінгі сайыстарда мүмкіндік берілмек. Жарысқа ерлер де, әйелдер де қатысады. Спортшылар 4 қайық түрі бойынша да 1000 метрден астам қашықтықта бақ сынайды.