"Бәрінен бұрын Асланбекке қиын болды": Промоутер Жалғас Тукешов Ташкент додасын қорытындылады

Бокс

Елімізге белгілі промоутер, бокстан Қазақстан құрамасы мен «Астана Арландары» клубының бұрынғы мүшесі Жалғас Тукешов Bassport.kz сайтына арнайы сұхбат берді. Танымал бокс сарапшысының айтуынша, Ташкенттегі әлем біріншілігінде ұлттық құрамадан мұндай нәтижені жанкүйерлер түгілі, мамандардың өзі күтпеген. Бибосынов жеңілді ме? Олимпиадалық салмаққа кімдер ауысады? Қамшыбек пен Жалолов жекпе-жегі жалғаса ма? Осы және өзге де сұрақтардың тұщымды жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

- Жалғас мырза, соңғы кездері әуесқой боксшылардың нәтижесі көңіл көншітпей жүрді. Бапкер де, боксшылар да жиі сынға қалғаны рас. Тап осы Ташкенттен төрт алтын аламыз деген ой болды ма?

- Әрине, 4 алтын медаль дегеніміз өте жақсы көрсеткіш. Мұндай нәтижені жанкүйерлер түгілі, бокс мамандарының өзі күткен жоқ. Бірақ мен бұл көрсеткішке таң қалғаным жоқ. Өйткені құрамаға Мырзағали Айтжанов қайта оралған еді. Ол бабына енбеген боксшыларды бабына әкелді. Команданың 70-80 пайызы нағыз толысқан шағында аттанды Ташкентке. Сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білгеніне де назар аудару керек. Әсіресе, алтын алған жігіттердің бабы да, бағы да келісіп тұр екен. Бабында бола тұра, жеңілгендер бар. Олардың біріне төреші кедергі болса, біріне сәттілік жетіспеді.

- Әлем чемпионатына біраз мемлекеттің бойкот жариялағаны белгілі. АҚШ, Ұлыбритания, Украина боксшылары қатысқан жағдайда қалай болар еді?

- Біріншіден, бұл бұйырып тұрған нәрсе. «Бұйырған кетпейді» деген сөз бар. Екіншіден, бұл чемпионатқа қатыспаған елдерде алтынға айтарлықтай үміткер көп деп айта алмаймын. Иә, АҚШ-та жеңіл салмақтағы боксшылар мықты. Украина сапынан 2021 жылы Асланбекті жеңіп кеткен Юрий Захареев қазір бабында емес. Мұны бапкерлері де айтып отыр. Александр Хижняк салмақ ауыстырғалы бері боксын таба алар емес. Нұрбек Оралбайдың өзі онымен тең дәрежеде жұдырықтасып, 2:3 есебімен жол берді. Әрі кетсе, аталған мемлекеттерден бір боксшы алтын алатын еді. Ал әлемдегі бокс державаларының барлығы дерлік Ташкентте сынға түсті.

- Осы әлем чемпионатынан соң олимпиадалық салмақ дәрежелеріне талас басталары сөзсіз. Әсіресе, 52 келіге Сәкен Бибосыновтан бөлек, Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан үміткер болуы мүмкін деген пікірлер бар...

- Бұл енді жанкүйерлер арасындағы болжам ғой. Махмұд Сабырхан 52 келіге оралмайтын шығар. Ол бірнеше жарысқа 57 келіде қатысты. Осы салмақта 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионы атанды. Жыл өткен сайын, іріленіп келеді. Сондықтан ол Серік Теміржановпен бірге 57 келіге таласатын шығар. Ал Санжар мен Сәкеннің жекпе-жегін маусым аяғында өтетін Елорда кубогінде көруіміз мүмкін. Екеуінің арасында кім мықты екені сол жарыста анықталады деп сенемін. Бұл жерде бас бапкер де, федерация басшылығы да кім мықты, соған мүмкіндік береді. Тәшкенбай мен Бибосынов арасындағы үздікті ресми кездесуде шешіп алады деп ойлаймын. Негізі, бұл салмақтар проблема емес. Қай боксшымызға да ел абыройын аманаттауға болады.

- Төрт боксшымыз да алтын оңай келген жоқ. Десе де, қай боксшымыз үшін бұл біріншілік ауырлау өтті деп ойлайсыз?

- Рас, чемпиондық атақ оңайлықпен келмейді. Бірақ Санжар мен Махмұдты ерекше айтқым келеді. Оларға бұл дода оңай да, қиын да болған жоқ. Бір деммен өткізіп шықты. Меніңше, бәрінен бұрын Асланбек Шымбергеновке қатты қиын соқты. Әсіресе, финалдағы қысым оңай болған жоқ. Бокс бар, саясат бар... Барлық жағынан ауыр болды оған. Қарсыласы Саиджамшид Жафаров екі дүркін Азия чемпионы. Әрі екеуінде де финалда қазақ боксшыларын ұтқан. Алдымен Әбілхан Аманқұлды, кейін Нұрқанат Райысты ақтық сында қапы қалдырды. Бірақ Әбілхан оны нокдаунға жібергенін ұмытпайық. Дубайдағы Азия чемпионатында біздің Әбілхан Жафаровты жеңген. Тек төрешілер қарсыластың қолын көтерді. Қазақ боксшыларының алдындағы басымдығы мен өз жанкүйерлерінің қолдауы өзбек боксшысына көмек болғаны анық. Бірақ ол мен күткендей бокс көрсете алмады. Асланбектен бұрын Саиджамшид қатты қобалжыды. Ол өз боксын жоғалтып алды да, тек басы-көзсіз жүгіре берді. Бұл да біз үшін пайдалы болғаны анық. Асланбек өзі де, жанкүйері де көп күткен чемпиондық атаққа абыроймен жетті.

- Ташкенттегі жалғыз күмістің иесі Дулат Бекбауов туралы не айтасыз? Қарсыласы лас жұдырықтасқандай көрінді...

- Дулат Асаходжаны 2022 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалында жеңген. Осы жолы өзбек боксшысы есе қайтарды. Иә, қарсыласты таза бокс көрсетті дей алмаймын. Ескерту беретін жерлер де болды. Сапалы соққылар жағынан Дулат алда болған. Бекбауов - мақтауға лайық боксшы. Бұл салмақта әлем мықтылары көп болғандықтан, Дулаттың финалға жеткені расында өте жақсы нәтиже еді. Біздің боксшымыз әр жекпе-жек сайын жетілді, әр кездесу сайын өсті. Жартылай финалда грузин боксшысын қалай жеңді?! Нағыз мінезбен ұтты! Тек финалда төрешілердің бұра тартуына аздап мүмкіндік беріп қойды. Әйтпесе, «мен» деген Сотолонгоның өзі ақтық сыннан сырт қалған... Дулат Бекбауов өз еңбегінің жемісін көрді.

- 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен Дипак арасындағы жекпе-жек екіұдай сезім қалдырды. Көпшілік жанкүйер Хасанбай Досматовқа жол ашып бергенін айтады. Сіз не дейсіз?

- Жалпы бокста бірінші және соңғы кездесу ауыр өтеді. Егер бірінші кезеңнен өтсең, әрі қарай бабыңа еніп, күш жинай бастайсың. Дипак бір жекпе-жек өткізіп, шаршы алаңды сезініп үлгерді. Ал Сәкен біраз уақыттан бері жарысқа қатысқан жоқ, әрі бәсекені екінші кезеңнен бастады. Осының бәрі кері әсерін тигізді, өкінішке қарай. Десе де, бұл кездесуде Сәкен қатты ұрды немесе Дипак алда тұрды дей алмаймын. Төрешілермен келіспейтін сәттер де бар. Үндістандық боксшыға бүйрек бұрғанын сезбеу мүмкін емес. Үшінші раундта 5:0 ұпайын беру артықтау еді. Бұл раундта жеңісті Сәкенге де, Дипакқа да беруге болады. Бірақ дәл бұл есеп тіркелген жоқ. Хасанбай туралы айтар болсам, ол да бұл чемпионатты мықты спортшыларды жеңді. Екі жыл бұрынғы әлем чемпионы, жапондық боксшыны ұтқанын айта кету керек. Ол біздің жауымыз емес. Оған да жеребе оңай болмады.

- Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалолов жайлы бәрі айтып та, талдап та болды... Бірақ екеуінің жекпе-жегіне тоқталмай кетуге де болмайды...

- Егер қателеспесем, Қамшыбек пен Баходир 8 рет кездескен болуы керек. Ең алғашқы жекпе-жекте Қоңқабаев оны нокаутқа жіберген. 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатында және «Астана Арландары» сапында жүріп, ұтты. Кейінгі кездесулердің бәрінде Жалоловтың асығы алшысынан түсуде. Жанкүйерлер бұл екі кездесуден жалықпайды. Олар Қамшыбектің оңтайлы сәтін күтіп, қарсыласын ұталы, құлатады деген үмітпен отыр. Ташкентте Қамшыбек мінез көрсетті. Риза болдым. Баходир басқалардың мысын бірден басып тастаса, Қамшыбекке келгенде аяқ тартады. Қанша дегенмен, күшік кезінде таланған ғой. Осы жолы медаль болмаса да, Қоңқабаев жақсы мінез көрсетті. Қамшыбектің бір айтқаны бар. Ол төрешілер қолын көтермесе де, қарсыласын бір аунатып түсіретіндей жекпе-жек көрсетемін деген. Сол мүмкіндік туады деп ойлаймын.

- Енді алда маңызды жарыстар күтіп тұр...

- Иә, Париж Олимпиадасына аз уақыт қалды. Ташкенттегі керемет жетістіктен соң жігіттерімізге деген сенім одан сайын арта түсті. Бұйырса, келесі жылы Сиднейдегі сынды атой саламыз, қос алтын аламыз деген үмітім бар. Бастысы – боксшыларымызды қолдап, бапкерлерімізді демеп отырайықшы... Сынайтын адам қашан да табылады. Ал шын қолдау бізге аса қажет.