Нұрқанат Серікбаев: Халықтың мені Елдос Сметовке теңеп жатқаны қатты қуантады

Нұрқанат Серікбаев: Халықтың мені Елдос Сметовке теңеп жатқаны қатты қуантады
Дзюдо

20 жасар дзюдошы Нұрқанат Серікбаев ересектер арасындағы додаға сеніммен қадам басты. Жас балуан өзі қатысқан екі Grand Slam турнирінің екеуінен де жүлдемен оралып отыр. Ташкенттегі сында финалға шықса, Антальяда жанкүйерді қоламен қуантты. Осы орайда, Bassport.kz тілшісі Нұрқанатпен аз-кем тілдескен болатын.

- Нұрқанат, жүлде құтты болсын! Әңгімені кореялық балуаннан бастағым кеп отыр. 30 жастағы Ким Вон Джиннен бір жеңіліп, бір рет есе қайтардың. Жеңілістен сабақ алдың ба?

- Шыны керек, Ташкенттегі турнирдің финалында мен қатты асығып кеттім. Асығыстық салдарынан оның әдісіне түсіп, мерзімінен бұрын ұтылып қалған жайым бар. Кейін осының бәрін сараптап, қате жібермеуге тырыстым. Асықпай, өз сезімдерімді ретке келтіріп, ыңғайлы әдістерімді жасадым. Осылайша, Ташкентте кеткен есем Антальяда қайтты.

- Ал Түркиядағы Grand Slam-де финалға бір қадам жерден тоқтадың...

- Жартылай финалдағы жеңіліс те менің қателігім. Украиналық балуан қылғындыру әдісімен ұтып кетті. Негізі, төрттағанда жатып, тезірек тұрып кетуді ойладым. Сол ойымды жүзеге асырмақ болғанда, қарсыласым пайдаланып кетті. Қылғындыруға түсіп қалдым. Бірақ бұл жеңілістің маған пайдасы тиді. Өйткені осы қателігіммен жұмыс істеп, келесі жолы сақ боламын. Бұдан да мықты боламын деген үмітім бар.

- Десе де, екі ірі жарыстан жүлде алу үлкен сенімділік сыйлаған шығар?

- Иә, өз күшіме деген сенім пайда болды. Алға қойған мақсаттарыма асықпай қадам басып келемін. Татамиге шығар кезде қобалжу болады. Қарсыласым кім болса да, қобалжимын. Бірақ өз күшіме деген сенім көмектеседі. Ұтатыныма сеніп шығамын.

- Жанкүйерлер мен журналистер сені Елдос Сметовтың ізбасары деп атауда. 60 келідегі үздік балуандар көшіне ілесіп келесің. Бұл пікірді қалай қабылдадың?

- Осы сөзді көп адамнан естіп, қуанып қалдым. Елдос ағамыздың ізбасары деп атап жатыр екен. Егер Елдос ағамыздай болсақ, жаман болмайтыным анық. Халықтың мені Сметовке теңеп жатқанынан қатты қуанамын. Өзім де сол кісі сияқты болу үшін бар күшімді саламын.