Тияна Бошкович, волейболдан екі дүркін әлем чемпионы: Қазақстанды көргім келеді

Тияна Бошкович, волейболдан екі дүркін әлем чемпионы: Қазақстанды көргім келеді
Волейбол

РБК Спорт

Бүгінде волейболда үздік ойыншылардың бірі саналатын, екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері сербиялық Тияна Бошкович жетістікке жетуінің сырын бөлісті.

– Тияна, 10 жыл қатарынан Сербия ұлттық құрамасында өнер көрсетіп келесіз. Осы аралықта ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жеттіңіз: Олимпиаданың күміс медалі мен қоласы, әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы, Еуропаның екі дүркін чемпионы. Осындайда алға ұмтылуға күш-жігерді қайдан аласыз деген сұрақ туындайды.

– Өзіңіз атап өткендей, командамен біраз жетістікке қол жеткіздік. Мұның бәрі Сербия ұлттық құрамасымен байланысты. Алаңға шыққанда делебем қозып, жігерлене түсемін. Ойыннан ләззат аламын, себебі волейбол – менің өмірдегі махаббатым. Әзірге күш-жігер, сезім барда аянып қалмай, жаңа рекордтар орнатуға тырысамын.

– Чемпион болу қиын, ал чемпиондық атақты ұстап қалу – қиынның қиыны. Әлем біріншілігіндегі екінші жеңіс сізге қалай әсер етті?

– Әлемде үздік атану – біздің басты мақсатымыз. Осыдан он жыл бұрын маған әлем чемпионатында жүлдегер атанатынымды айтса, сенбеуші ем. Бірақ 2018 жылы алғаш рет осындай атаққа қол жеткізгенде командамызбен бірге қуандық. 2022 жылы әлем чемпионы атағын қорғаудың сәті түсті, мұның үлкен бақыт екені айтпаса да түсінікті. Меніңше, әйелдер волейболында мұндай жетістікпен 1-2 команда ғана мақтана алады. Осындай жетістікке жеткеніміз үшін бойымды мақтаныш сезімі билейді.

– Сізді өзгелерден көшбасшылық қырыңыз бен өз-өзіңізге деген сенімділігіңіз ерекшелеп тұрады. Бұл спорттың арқасы ма әлде отбасыңыздың әсері ме?

– Ата-анам маған ешқашан қысым көрсеткен емес. Олар менің басты қолдаушыларым. Бұл өздігімен болған дүние шығар деп ойлаймын. Менің командадағы орным әсер еткен болуы да керек. Қуанатыным, мұның бәрі командама пайдасын тигізеді.

– Талай белесті бағындырдыңыз. Сөйте тұра жақындарыңыз сіздің еш өзгермегеніңізді айтады.

– Отбасым – басты қозғаушы күшім. Олардың қолдауы мен үшін өте маңызды. Жақындарыңмен үйлесімді қарым-қатынас алаңдағы ойынға да оң ықпалын тигізеді. Үздік болсам, бұл солардың арқасы.

– Волейболдан тыс уақытта немен айналысасыз?

– Бұл маған жиі қойылатын сұрақ. Біз секілді спортшыларда бос уақыт деген бола бермейді. Қолым қалт ете қалса отбасымның жанында болуға тырысамын. Себебі айлап үй бетін көрмейтін кездер болады. Солардың жанында болу арқылы күш алып, жаңа маусымға дайындаламын. Сонымен қатар өзге қыздар секілді шопингке барғанды ұнатамын. Әсіресе онлайн-шопингтен ләззат аламын. Фильм, сериал қарап, музыка тыңдаймын. Айтарлықтай ештеңе жоқ.

– Оқырманды Тияна Бошкович қандай фильм көргенді ұнатады екен деген сауал қызықтыратын шығар…

– Соңғы кездері бос уақытым көп емес, дегенмен он шақты күн бұрын кинотеатрдан «Опенгеймерді» көрдім, өте ұнады. Өзгелерге көруге кеңес беремін. Жаңа біраз мәлімет естідім. Музыкада нақты жанр таңдамаймын, бәрін тыңдай беремін. Кітапқа келсек, соңғы оқыған кітабым – Ден Браунның «Инферносы». Жақында ғана осы кітапта айтылатын Флоренцо қаласында болып келдім. Өте әдемі жер.

– Өзіңізді ырымшыл жанмын деп есептейсіз бе?

– Жоқ, ырымшыл емеспін. Ойын алдында ештеңеге сыйынып, табынбаймын. Кейбір спортшылар сенім-наным көмектеседі деп жатады, бірақ өз басым ондайға сенбейімін.

– Өз күшіңізге ғана сенесіз ғой?

– Иә, табыс кілті осында. – Өзіңіз Босния және Герцеговинадағы Билеч қаласында туған екенсіз. Алдымен Белград, сонан соң Ыстамбұл қаласына көшіпсіз. Көшіп-қону сізге қалай әсер етті? Осы жөнінде көңірек айтып берсеңіз.

– Билеч қаласында туып-өстім. 14 жасымда Белградқа қоныс аудардық. Ол кезде туыстарымнан алыс кеткеніме қиналмаппын. Қазір арада біраз уақыт өткенде бала болдым ғой, неге қиналмадым екен деп ойлаймын. Бірақ бұл ең дұрыс шешім болды. Белградта төрт жыл өмір сүріп, карьерамдағы ең қызықты кезеңді бастан өткердім. 2015 жылы Ыстамбұлға көшіп, қазір «Эджзаджибаши» клубында өнер көрсетемін. Көшкен сайын жаңа тәжірибе жинайсың. Волейбол ойнап жүріп қаншама адаммен таныстым, жаңа елдерді, жаңа мәдениетті көрдім. Осы өзгерістің бәрі мықты болуыма тікелей әсер еткен факторлар.

– Волейбол сізге не үйретті?

– Волейболда көп нәрсе үйрендім. Соның ішінде, ең бастысы, жетістікке жету үшін төзімділік пен уақыт керек екенін түсіндім. Табандылықтың маңызды екенін де естен шығармаған жөн.

– Адамдар жеңісті көргенімен, көз жасты көрмейді. Спортшының карьерасы жеңістен ғана тұрмайды ғой. Карьераңыздағы ең қиын сәт жайлы айтып берсеңіз.

– Бақытыма орай, мұндай қиындық басымнан өткен емес. Қуанышты сәттер көбірек болды. Бірақ өзіңіз айтқандай, спортта қиындықтар міндетті түрде кездеседі. Жолым болып, ауыр жарақаттар алған емеспін. Ең қиын ойын ретінде есімде қалған бір кездесу жайлы айтып берейін: 2021 жылы Белградта өткен Еуропа чемпионатының финалы. Қатарынан үшінші рет жеңімпаз атансам деген арманым болды. Өкінішке қарай, тек күміс медальді қанағат тұттық. Осы жеңілістен соң көңіл күйім қатты түсіп кетті, қатты күйіндім. Әйтеуір уақыт өте дәл осы жеңіліс мені шыңдай түскенін ұқтым.

– Бүгінгі дәрежеге жетуіңізге не себеп деп ойлайсыз?

– Қайтпас қайсарлығым деп ойлаймын. Бұл мінезімді өзім де, жақындарым да біледі. Мұның пайдасы орасан. Сезімталмын. Кейде сезімімді басқара алмай қалатын кездер болады.

– Сізді шабыттандыратын адамдар туралы айтып берсеңіз…

– Негізінен бұл өзім секілді спорттағы адамдар. Карьерасына қарап таңданатын спортшылар өте көп. Солардың қатарына бәрі білетін теннисші Новак Джоковичті жатқызуға болады. Ол жастарға ғана емес, біз секілді тәжірибелі спортшыларға да үлгі. 36 жасында дәл осылай ширақ қимылдайтынын көрген сайын жігерлене түсемін.

– Қазақстан волейболымен қаншалықты таныссыз?

– Сербиялық көптеген ойыншы Қазақстанда өнер көрсетті. Солармен сөйлесу арқылы көп мәлімет білдім. Қазақстанда волейболдың жақсы дамып келе жатқанын түсіндім. Әріптестерім «Алтай» клубында ойнаған. Бұл Қазақстанда сапалы волейбол барын көрсетеді. «Алтайдың» осыдан бірнеше жыл бұрын клубтық әлем чемпионатына қатысқанын да білемін.

– Қазақстанға келуіңіз мүмкін бе?

– Қазақстанда көргім келеді. Болашақта барамын деп ойлаймын. Ал карьерамды Қазақстанда жалғастыру жайлы әзірге ештеңе айта алмаймын. Басқа жоспарларым бар. Бірақ алда не күтіп тұрғанын ешқашан білмейміз ғой.