Президент болуға дайынмын. Илья Ильин өз кандидатурасын ұсынды
Танымал спортшы, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Қазақстанның ауыр атлетика федерациясына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ол Астанада баспасөз мәжілісін өткізді. Жиында бұл спорт түрін дамытуға қатысты өз ойын айтып, жоспарымен таныстырды. Мен қазір президент болуға дайынмын. Ауыр атлетиканың проблемасын жақсы білемін. Жас спортшыдан ұлттық құрамадағы ересек атлетке дейін, ауылдағы бапкерден ұлттық құраманың бас жаттықтырушысына дейін қандай мәселе толғандыратынан хабардармын. Маған әріптестерім, өңірдегі федерация басшылары тізгінді алуымды өтінді. Сондықтан осындай шешімге келдім, - дейді Ильин.
Ол 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасынан екі алтын алу мақсатын қоятынын айтты.
Допингке қарсы ережелерді бұзған спортшының федерацияны басқаруға құқығы бар ма деген қоғамда сұрақ туындап жатыр. Оған үміткердің өзі жауап берді.
Ауыр атлетика федерациясына сайлауға түсуге толық құқығым бар. Екі заңгер осы мәселемен айналысты. Барлық ережелер қаралды. Менің құқығым бар екенін растады. Бүгінгі таңда құжаттарды тапсырдық. Ешқандай мәселе жоқ, - дейді кандидат.
Осы ретте төрт дүркін әлем чемпионы допингке қатысты өз пікірін білдірді. Допингпен ұсталып, спорттан қол үзген атлеттер осы күні немен айналысып жүргенін айтты. Бұрынғы ұсталғандарға жақында тағы бірнешеуі қосылған еді. Арасында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон бар.
Допинг жанжалы-бұл үлкен өмірлік соққы. Одан кейін бұрынғы қалыпқа келу және спортқа оралу өте қиын. Мен тырысып көрдім. Бірақ бәрі мен қалағандай болмады. Басқаларына келетін болсақ, Жасұлан Қадырбаев қазір Алматы облысындағы ауыр атлетика федерациясын басқарып жүр. Балаларды жаттықтырады. Былтыр онымен сөйлесіп, бізге қосылуға шақырдық, - дейді Илья Ильин.
Ол допинг деген Қазақстанның ғана емес, , әлемдік проблема екенін айтты. Оның командасы Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығымен жүйелі түрде жұмыс істейтінін жеткізді.
Спортшыны допинг пайдаланғаны үшін ұстайды. Одан кейін біз ұмытып кетеміз. Атлеттің Қазақстанға медаль сыйлағанын естен шығармауымыз қажет. Допинг қолданғандарды қаржыландыруды тоқтатамыз. Бірақ атлет спорт саласынан басқа еш жерде жұмыс істей алмайды. Басқа салада ол қалай жұмыс істеу керектігін де білмейді. Ол өзінің психикалық мәселелерімен, өмірімен айналысқанша, жылдар өтеді. Менде бұл мәселе бойынша белгілі бір бағдарлама бар, - дейді федерация президенттігінен үміткер.