Рыбакина ең қауіпті қарсыласын жеңе ме? Australian Open шарықтау шегіне жақын

Рыбакина ең қауіпті қарсыласын жеңе ме? Australian Open шарықтау шегіне жақын
Теннис

Жылдың маусымашар турнирі – Австралияның ашық біріншілігі аяқталуға жақын. Үлкен теннистің алпауыттары бас қосқан дода биыл Қазақстан үшін өте қызық болып тұр. Себебі, отандасымыз Елена Рыбакина ел тарихында тұңғыш рет Australian Open турнирінің финалына шығып, тарихи нәтиже тіркеуде. Финалда Рыбакина өзінің әккі қарсыластарының бірі, белоруссиялық Арина Соболенкомен кездеседі. Осы орайда, Bassport.kz екі ойыншының аяқ алысын шолу жасады. 

Былтырғы «Уимблдон» турниріндегі жеңістен соң ала-құла өнер көрсеткен Рыбакина жанкүйерлер мен мамандардың жиі сынына ұшыраған. Кейбіреулер Ленаны көшбасшысы жиі ауысатын әйелдер теннисіндегі бір реттік жеңімпаздар қатарына қосса, спортшының шын әлеуетін түсінгендер Рыбакинаның мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты. Оның үстіне, «Уимблдон» турнирінен соң рейтингілік ұпай берілмей, отандасымыздың 20-орыннан жоғарыламауы да көпшілікті алаңдатып қойған. Бұл олқылықтың барлығын Елена Австралия жерінде түзетуде.

Турнир аяқталған соң Рыбакина WTA рейтингінде алғашқы ондыққа енеді. Ал өз мансабында «Үлкен дулыға» турнирінің екінші финалына жету үшін Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасын да місе тұтқан жоқ. Ақтық сынға дейін біздің спортшы италиялық Элизабетта Коччаретто, словакиялық Кайя Юван, америкалық Даниэль Коллинз, әлемнің 1-ракеткасы, польшалық Ига Швентекті және латвиялық Елена Остапенконы жеңді. Бір қызығы, жарысты ұйымдастырушылар Рыбакинаның алғашқы матчын жанкүйерлерге елеусіз көрінетін ең шеткі, 13-кортқа қойған болатын. Көпшілікке ыңғайсыз саналатын 13 саны әзірге Ленаның жолын жақсы ашып берді.

Ал ақтық сында Рыбакинаға қарсылас атанатын Арина Соболенко кім?

Арина Елена үшін қауіпті қарсыластардың бірі. Ол бұған дейінгі бірнеше турнирде белоруссиялық спортшыға есе жіберген болатын. Атап айтар болсақ, 2019 жылы өткен «Ухань Оупен» турнирінде Соболенко 2:1 есебімен ұтып кетті. 2021 жылы Әбу-Дабиде өткен WTA500 турнирінің ширек финалында Ленаны тағы да Арина тоқтатты. Есеп – 6:4, 4:6, 6:3. 2021 жылғы «Уимблдон» турнирінің төртінші айналымында – 6:4, 4:6, 6:3 есебімен Соболенко тағы да сан соқтырды. Тек былтыр желтоқсанда Дубайда өткен көрме турнирінде Рыбакина әккі қарсыласын жеңіп кеткен. Десе де, сол матчтың алғашқы партиясында Арина 6:0 есебімен алға шығып, Еленаға бір гейм де бермеген екен.

Арина «Үлкен дулыға» турнирінің финалына жекелей сында алғаш рет шығып отыр. Бұған дейін үш рет жартылай финалда сүрінген беларусь қызына бұл жеңіс ауадай қажет. Оның жеңіске тым құштар десек те артық емес. Ол осы маусымда қатарынан оныншы рет жеңіске жетіп, 20 сет бойы жеңілмеген.

Ендеше, алдағы сенбіде бізді ерекше матч күтіп тұр. Ұстамды, сыпайы әрі сенімді Рыбакина мен денелі, әлеуетті әрі қызуқанды Соболенконың бірі тарих парағында қалады.