Бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі спорт түрінен әлем чемпионатына қатысқан атлет

Бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі спорт түрінен әлем чемпионатына қатысқан атлет
Бокс
Басқа

Алматыда Мерджен Ишангулыева атты жеңіл атлетика бапкері бар. Қазір Алатау баурайында кәсіби және әуесқой атлеттерді дайындайды. Марафонға жүгірушілерге көмектеседі. Бір қызығы, Мерджен бір кездері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі спорт түрінен әлем чемпионатына қатысқан. Сонымен екі елдің намысын қорғаған.

Мерджен Түркіменстанда дүниеге келген. Жаңа ғасырдың алғашы 10 жылдығында сол елдің үздік жеңіл атлеттерінің бірі болды. Мысалы, 2008 жылы Ишангулыева Түркіменстан чемпионатында 100, 400 метрге және 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру бойынша чемпион атанған. Түркіменстан құрамасы сапында Қазақстанға бірнеше рет келіп, Қосанов Мемориалында жүлдеге іліккен. 2009 жылы Берлиндегі әлем чемпионатына қатысқан.

Бірақ кейіннен Алматыға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алды. Жеңіл атлет аяқ астынан боксқа ауысады. 2014 жылы наурыз айында бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Тіпті, сол біріншілікте 51 келіде күміс жүлдеге ілігеді. Кейіннен ұлттық құрама сапында 2014 жылғы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті. Бірақ 1/8 финалда АҚШ-тан келген Марлен Эспарзеден жеңілді. Сол чемпионата қолын жарақаттап алып, әріқарай боксты жалғастырған жоқ.

– Спорттың осы түрінен өзімді сынап көргім келді. Жаттығуды бастап кеттім, жекпе-жектердің дәмін сездім. Уақыт өте келе әр түрлі жарыста жүлдегерлер қатарынан көріндім. 2014 жылы Қазақстан чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болдым. Соның арқасында Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатына қатыстым. Бірінші кездесуде румыниялық қарсыласымды жеңдім. Бірақ 1/8 финалда Американың мықты боксшы қызы Марлен Эспарзеден ұтылып қалдым. Осы жекпе-жекте қолымды жарақаттап, бокспен қоштасуға тура келді. Алайда спортсыз өмір сүре алмайды екенмін. Сосын қайтадан жеңіл атлетикаға оралдым. Оның үстіне, ешқашан «Спорт падишасын» ұмытқан емеспін,  – дейді ол. 

2014 жылы жарақатына байланысты бокстағы карьерасын аяқтаған соң, жеңіл атлетикаға қайта оралды. 2015 жылы 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден халықтар Спартакиадасы мен Қосанов Мемориалын жеңіп алды. 2017 жылы жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың штатына ілінді.

Ишангулыева еліміздегі беделді бапкерлердің бірі Любовь Никитенконың қарамағында жаттыққан. Бұл маманның танымал шәкірттері өте көп. Олардың арасында 1988 жылы КСРО құрамсы сапында 4х100 бойынша командалық эстафетада Олимпиада чемпионы атанған Виталий Савин, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ольга Шишигина, 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден үш дүркін Азия ойындарының чемпионы атанған Наталья Әлімжанова (Торшина) және т.б спортшылар бар.

2017 жылдан бастап Мерджен 400 метрге жүгіру және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бойынша өнер көрсетіп жүр. Тосқауылдар арқылы жүгіруден Қазақстан чемпионаты мен кубогында жеңіске жетті. Сондай-ақ өзінің жеке рекордың орнатты – 57.72 секунд.

Ол өзінің әмбебап спортшы екенін әрдайым дәлелдеп жүреді. Тіпті Алматыда өтетін халықаралық марафонда 21 шақырымға жүгіріп, жүлделі орынға іліккен.

– Өмірімде барлығы спортпен байланысты. Бос уақытым өте аз. Соған қарамастан өзімді бапкер ретінде байқап көріп жүрмін. Әуесқой деңгейдегі әр түрлі жастағы жүгіруге қызығатындарды жаттықтырамын. Сондай-ақ Алматыдағы кросс-орталықтардың бірінде өзімді тәжірибеден өткізіп жүрмін. Маған адамдармен жұмыс істеген ұнайды, – дейді Мерджен.