Роналдудың көз жасы немесе әлем чемпионатының жартылай финалына кімдер өтті

Роналдудың көз жасы немесе әлем чемпионатының жартылай финалына кімдер өтті
Футбол

Футболдан Катарда өтіп жатқан доп додасы да шарықтау шегіне жақындады. Бүгін әлем чемпионатының финалдық жолдамасына таласатын төрт құрама да белгілі болды. Тарихта алғаш рет Африка құрлығынан шыққан команда жартылай финалға жетсе, Еуропаның екі, Оңтүстік Американың бір ұжымы ақтық сын жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды Bassport.kz.

Ширек финалдық кездесулер қызықты әрі тартысқа толы болып өтті. Хорватия мен Бразилия, Нидерланд пен Аргентина арасындағы матчтар 120 минутқа дейін жалғасып, жеңімпаз қосымша уақытта анықталса, қалған екі матчта ойын негізгі уақытта аяқталды.

Месси мен Роналду финалда кездеспейді

Әлем чемпионаты басталған соң жанкүйерлер әйгілі Месси мен Роналдуды тағы да салыстыра бастады. Ғаламның ең үздік екі ойыншысы финалда кездесе ме деген сұрақ бәрін де мазалаған еді. Оның үстіне, мундиальдың жеребесі де Аргентина мен Португалия тек финалда жолығатындай етіп тартылған болатын. Алайда, екі мықтының біреуін ғана ақтық сыннан көруіміз мүмкін. Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы пенальти сериясы бойынша Нидерландыны қапы қалдырып, жартылай финалға өтті. Ал әйгілі КриРо мен оның командасы Марокконың тасқамал қорғанысын бұза алған жоқ. Фернанду Сантуш Роналдуды қатарынан екі матчта қосалқы құрамда қалдырып, ширек финалда талантты Гонсало Рамушты алаңға жіберген. Бірақ Швейцария қақпасына үш гол соққан Рамушты африкалық футболшылар тұсап тастады. Екінші таймда ойынға қосылған Криштиану да ойын бағытын өзгерте алған жоқ. Финал ысқырығы шалынған соң Роналду көз жасын тоқтата алмады. Иә, бұл аңыз футболшының соңғы әлем чемпионаты еді. Футболдағы барлық атақты жиған спортшыға әлем кубогі бұйырмай кетті. Ал Месси болса, Аргентинамен бірге финалға сенімді қадам басып барады. Осылайша, Месси мен Роналду текетіресі де, Месси мен Роналду дәурені де аяқталып келеді.

Кішкентай ғана Хорватия...

Лука Модрич бастаған Хорватия құрамасы елеусіздеу көрінгінімен, кіл мықтыларды тоқтатып, жартылай финалға жетті. Халқының саны бес миллионға жетпесе де, бұл ел жаужүрек футболшыларды тудырған. Жасы қырыққа таяса да, барлық командаласын дәл пастармен қамтамасыз ететін Модрич, пенальти қайтарудан алдына жан салмайтын Ливакович, сын сағатында Бразилияға гол соғудан тайсалмаған Петкович сынды ойыншылар енді финал жолдамасына таласады. Осыдан төрт жыл бұрынғы финалда кеткен есені қайтаратын мүмкіндік жақындады. Егер Хорватия Аргентинаны жеңетін болса, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына шыққан команда атанбақ.

Франция-Англия "қақтығысы"

Еуропадағы ең беделді екі мемлекеттің бақталасатын тұстары көп. Тарихта жүзжылдық соғыстарымен есте қалған екі ел ендігі "шайқасқа" футболшыларын жіберген болатын. Тең әрі қарқынды өткен матчта тағы да француздардың асығы алшысынан түсті. Алдымен Орельен Чуамени есеп ашса, кейін Англияның тісқаққан капитаны Харри Кейн пенальти арқылы есеп теңестіріп, ойынға мән берген еді. Бірақ тәжірибелі Оливье Жиру ойын аяқталар тұста Францияға жеңісті жұлып әперді. Осылайша, Англия кезекті рет ширек финалдан қайтса, Зиданның мұрагерлері ақтық сын үшін айқасады.

Бұл - Африканың уақыты...

2010 жылғы әлем чемпионатының әнұраны әлі есте шығар? Шакира орындайтын Waka Waka әнінде "Бұл - Африканың уақыты" деген сөздер бар. Расында, Африканың уақыты аталған әлем чемпионатынан кейінгі 12 жылдан соң басталғандай. Марокко құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына өткен қара құрлықтағы тұңғыш команда атанып отыр. Топтан тайсалмай шығып, плей-офф кезеңінде Испанияны жеңген олар ширек финалда қарқыны қатты Португалияны да тоқтатты. Осылайша, Хакимидің командасы жаңа тарихты жасап жатыр. Бүгінде Марокконың жеңісіне қуанып жатқандар көп. Тіпті, құттықтаушылар арасынан Илон Маскты да табуға болады. Енді африкалықтар қазіргі әлем чемпиондарымен кездеспекші.

Әлем чемпионатының жартылай финалдық кездесулері 13-14 желтоқсан күндері өтеді. Ал жаңа чемпионды 18 желтоқсанда анықтаймыз.