Жетінші нөмірлі қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы дүниеден өтті

Б.Төлеуов
Б.Төлеуов
Жетінші нөмірлі қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы дүниеден өтті
Баскетбол

Бүгін қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов 79 жасына қараған шағында дүниеден өтті. 


Қаралы хабарды Ресейдің ЦСКА баскетбол клубы жеткізді. Әлжан Жармұхамедов ұзақ жыл осы клубта табысты өнер көрсеткен.


Әлжан Жармұхамедов 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданына қарасты Табақсай ауылында дүниеге келген. Бұл аудан сол кездегі саясаттың кесірінен Өзбекстанға беріліп жіберген.Сондықтан алғашқыда Әлжанның қазақ екеніне көбісі сене қоймады. Талғат Батырхан, Қыдырбек Рысбек, Нұрғазы Сасаев т.б журналист ағаларымыз баскетболшыны арнайы іздеп барып, руын да анықтаған еді. Әкесі – Мүсірбек қазақ, шешесі Жеронкина Прасковьяның ұлты – орыс. Кіші жүздің жаппас руынан шыққан. Мұның бәрін жазуымызға бір кездері спортшының өзбек, татар деп шатастырғандардың көп болғанынан. Тіпті, КСРО кезінде төлқұжатында ұлты қазақ деп жазылған екен.



Жармұхамедов баскетболға кездейсоқ келген. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл шлифовальщик болып Шыршық қаласында жұмыс істеген. Зауытта оң қолының екі саусағынан айырылады. Бойы 2 метрден аса жігітті жаттықтырушылар байқап, баскетбол секциясына шақырады. 1963 жылы Ташкент мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Сол тұста СКА (Ташкент) командасында ойнаған, сол жерден КСРО құрамасына келген. 1969 жылы КСРО қорғаныс министрі маршал Соколовскийдің қолы қойылған хат келіп, еріксіз Мәскеудің ЦСКА клубына алып кетеді. ЦСКА сапында бірнеше маусым ойнап, толағай табыстарға жетті. КСРО құрамасы сапында 1972 жылғы Олимиададан бөлек, 1976 жылғы Олимпиаданың қола жүлдесін, әлем біріншілігінің күмісін жеңіп алды. Еуропа чемпионы атанды.



Мәскеуде келгенде ЦСКА-да команда лидері Сергей Белов сырттан келген ойыншыға «дедовщина» жасай бастады. Бұған шыдай алмаған Әлжан аға екінші жаттығуда-ақ Беловтың бетінде допты жіберген ұрған екен. Осыдан кейін Сергей үндемейтін болған. Екеуі кейіннен жақсы араласып, тіпті бірге жаттықтырушы болып қызмет атқарды. Жас кезінде қазақ тілін жақсы сөйлепті. Әкесімен ана тілін сөйлейтін болыпты.


«Көршім үнемі «Әлжан қазақшаға судай» деп айтатын. Содан бері біраз жыл өтті. Күнде сөйлеспеген соң қиын екен. Бәрін түсінемін, ал, айтуға келгенде қиналып қаламын», – дейді баскетболшы.


Әлжан Жармұхамедов Ларисамен отбасын құрып, екі баланың әкесі атанған. Ұлдарының есімі – Владислав және Сергей. Мәскеу қаласында тұрады. Екі ұлы да да спорт институтын тәмәмдаған. Осы уақытқа дейін үлкен ұлы олимпиада резервінің балалар спорт мектебінде қызмет еткен. Қазіргі кезде ол толықтай кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаған екен. Ал екінші ұлы «Химки» баскетбол клубында жастар командасын жаттықтырып жүр екен.


2017 жылы экранға «Движение вверх» деген фильм шықты. Туынды баскетболдан 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының финалына арналған. Оны Ресейдің кинокомпанияларының бірі түсірген.


Бұл шығармашылық топ бұған дейін атақты хоккейші Валерий Харламов жайлы «Легенда № 17» деген кино түсірген еді. Одан кейін осы Совет одағының тарихындағы ең ірі табысқа жеткен баскетбол құраманың бірін экрандаған болатын. Бұл финалда өнер көрсеткен ойыншылардың арасында қазақ жігіті бар еді. Ол – соңғы кездері бәріміз мойындай бастаған, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов. Енді осы фильмді түсіруге себеп болған ойын туралы айтып өтсек. Баскетбол жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1936 жылы енгізілді. Содан 1972 жылғы Мюнхен Олимиадасының финалына дейін АҚШ құрамасы бірде-бір кездесуде жеңілмеген. Қатарынан 63 ойынды ұтып, жеті мәрте Олимпиада чемпионы атанған. КСРО құрамасын төрт жылдықтың басты додасының төрт финалында жеңген. Ал1972 жылы 9 қыркүйек күні Германияда өткен финалда Владимир Кондрашин шәкірттері «Dream Team» команданы тоқтатты.



Ол жылдары баскетбол қазіргідей төрт емес, екі кезеңнен тұратын. Ойынның алғашқы бөлігінде КСРО құрамасы 26:21 есебімен алға шығады. Финалдың аяқталуына жақындаған тұста АҚШ құрамасы есеп айырмасын қысқарта бастайды. Матчтың бітуіне 8 секунд қалғанда есеп 49:48 болатын. Бірақ дәл сол кезде допты ұстап уақыт созудың орнына Александр Белов қателесіп пас береді. Оны АҚШ ойыншысы тиімді пайдаланып кетеді. Енді АҚШ 50:49 есебімен алға шығады. Осы тұста КСРО құрамасының бапкері тайм-аут сұрайды. Бірақ төреші оны ескермейді. АҚШ баскетболшылары жеңісті тойлай бастайды.


Кеңес одағынан барған делегация мүшесі Юрий Озеров халықаралық баскетбол федерациясының бас хатшысы Уильям Джонсқа шағым айтып, тайм-аут сұрайды. Бас хатшының арқасында төреші КСРО құрамасының өтінішін қанағаттандырады. Кондрашин бапкер Жармұхамедовтің орнына Иван Едешконы алаңға шығарады. Айналдырған 3 секундтың ішінде Едешконың тіліп өткен пасын Александр Белов себетке түсіріп, КСРО құрамасына жеңіс сыйлады. Әлжан аға Олимпиада ойындарында ерекше ойынымен көзге түсті. Ширек финалда сол кездегі мықты құрамалардың бірі Югославиямен кездесуде командасына 8 ұпай әперді. Жартылай финалда КСРО Кубаны 67-61 есебімен жеңді. Бұл матчта Жармұхамедов команда қорына 15 ұпай қосты. Ал финалда 4 ұпай жинады.


Кино осы ойынға негізеліп түсірілген. Астанадағы тұсаукесерден кейін Жармұхамедов тілшілермен аз-кем сұхбаттасып, жаңа туынды жайлы өз пікірін білдірді.


– Фильмде менің рөлімді Александр Ряполов деген актер сомдады. Актер шамасы келгенше мінез-құлқымды дұрыс көрсетуге тырысқан. Мен өте сабырлы адаммын, ешқашан кеудемді керіп «Мен» мықтымын деп өктем сөйлеген емеспін. Ряполов осы мінезімді жақсы жеткізе білген. Алғаш фильм жұмысымен танысып, менің рөлімді ойнайтын актерді көргенде танданысымды жасыра алмағанмын. Өйткені, ол кезде оның сыртқы пішіні маған мүлдем ұқсамады. Өзі ірі жігіт, шашы ұзын, көзі көк. Бұл қалай қазақ жігітінің рөлін сомдайды деп сұрадым. Алайда режиссер актердің образын өзгертетін айтып, мені көндірді. Кейіннен актер арықтау үшін 12 келі тастаған екен. Бір қызығы, екеуімізде Өзбекстанда дүниеге келгенбіз. Мен қалай баскетболға кездейсоқ тап болсам, оның да киноға келуі де солай екен, – дейді Әлжан аға.


Кино көркем фильм болғандықтан қоспаларда жетерлік екен. Олимпиада чемпионы кино сонысымен де әсерлі шыққан деп отыр.


– Мені Олимпиада ойындарының финалында линзамен ойнаған деп көрсеткен. Алайда сол кезде көз жанарым -2,5 болғанына қарамастан Олимпиадада линзасыз ойнағанмын. Содан кейін ғана құрама дәрігері ары қарай баскетболда қаламын десең, арнайы клинкаға көрінуінімді өтінді. Алғашында 1 айдай линзаға бой үйрете алмай жүрдім. Фильмде мені қатты ұрғанда линзам ұшып кетеді. Мұндай оқиға өмірде ешқашан болмаған. Тек бір рет линзамды ойын кезінде команда болып, залдан іздегені бар. Сондай-ақ Америкаға барғанда, матч алдында – қыдыруға шыққанымыз да ойдан құрастырылған. Біз ешқашан да ойынның алдында дәл солай қыдырып, босаңсыған емеспіз. Ондайға мүлде жол бермейтінбіз. Содан соң кинодағыдай сыйақыны ешкім де бізге киім ауыстыратын бөлмеге әкеліп қолға ұстатпаған, – дейді ол.


Дегенмен жеңістен кейін ақшалай сыйақы болыпты. Бірақ қазіргі Олимпиада чемпиондарындай бума-бума ақша алмаған.


– Германияда 1000 батыс-германия маркасын ұстатты. Ол қазіргі курспен салыстырғанда 300 доллар көлемінде. Ал Мәскеуде 2,5 мың рубль сыйақы төледі, – дейді.



КСРО-ның сол «Алтын құрамасының» қазіргі кезде көбісі өмірде жоқ. Олардың қатарына енді Әлжан Жармұхамедов те қосылды. Тірі қалғандардан Мәскеуде Иван Едешко бар. Модестас Паулаускас Литвада, Анатолий Поливода Украинада тұрады екен. Қалғандары өмірден өтіп кеткен.