"Жүлде бұйырмаған 25 жыл": Қазақстандық гимнастар кезекті әлем чемпионатында медальсіз қалды

Басқа

Англияның Ливерпуль қаласында өткен спорттық гимнастикадан лицензиялық әлем чемпионаты біздің атлеттер үшін тағы да жүлдесіз аяқталды. Нариман Курбанов пен Милад Карими финалда қателікке бой алдырып, медальға қол созым жерден тоқтады. Десе де, жер жүзілік жарыс гимнастардың маусым бойғы еңбегі мен жетістігін жоққа шығара алмайды. Отандық спорттық гимнастика өкілдері биыл өткен әлем кубогі кезеңдерінде әнұранымызды бірнеше рет шырқатып, шын мықтылармен иық тірестіре алатынын дәлелдеді. Гимнастарда әлі күнге дейін жаттығатын базаның жоқтығын ескерсек, біздің спортшылардың жетістігіне орнымыздан тұрып, қол соғуға болады. Ливерпульде не кедергі болды? Құрбанов мен Карими әлем чемпионатынан қашан медаль алады? Париж қарсаңында командаға қойылған талап қандай? Bassport.kz тілшісі осы мәселелерді саралап көрді.


Командалық сын. Лицензия кімде?


Ливерпульде өткен әлем чемпионаты бір жарым жылдан соң басталатын Париж Олимпиадасының алғашқы жолдамаларын сарапқа салған болатын. Командалық сында алғашқы үштікке енген құрамалар төртжылдық додасының лицензиясын қалтаға басып үлгерді. Ерлер арасында Қытай, Жапония және Ұлыбритания өзара жүлде бөліссе, қыздар арасында АҚШ, Ұлыбритания және Канада құрамалары үздік шықты. Аталған елдің спортшылары алғашқы алты жолдаманы иеленіп, Олимпиадаға алаңсыз дайындала бермек.


Қазақстан ерлер құрамасы да командалық бәсекеде бақ сынады. Қазіргі ереже бойынша, құрлық чемпионатындағы көрсеткіш бойынша ғана гимнастар әлем біріншілігіне жолдама алады. Ал Катарда өткен Азия чемпионатында Қазақстан командасы бесінші орын иеленіп, Ливерпульдегі додаға толық құраммен қатысу мүмкіндігін иеленген еді. Тұманды Альбионда қазақстандық гимнастар 24 команданың ішінен 18-орынға табан тіреп, Швейцария, Румыния, Австралия және Украина құрамаларының алдын орады.



Тіпті, мықты гимнастарымен мақтанатын Қытайлық Тайпей командасымен ең соңына дейін текетіресіп, бар болғаны 0,1 ұпаймен жол берді. Бірақ бұл 2018 жылы Дохада, 2019 жылы Штутгартта көрсеткен нәтижеден екі сатыға төмен. Аталған әлем чемпионаттарында біздің команда 16-орынға тұрақтаған еді. Бұл жолы төмен сырғуымыздың да өзіндік себебі бар. Бапкерлер жекелеген снарядта жүлде алуға қабілетті Милад Каримиді шығыршық пен қоссырықтағы жаттығудан босатты. Сондай-ақ, құрлық додасынан кейін иығын жарақаттап алған тәжірибелі Фарух Нәбиевтің орнына жас спортшы Эмиль Ахметжановты қосты. Жалпы алғанда, командалық бәсекеден финалға шығу туралы талап қойылған жоқ.


«Командалық көпсайысты Ілияс Азизов қана бір деммен өткізіп шықты. Ол соңғы жаттығуда қате жібермегенде, финалға шығатын 24 гимнастың қатарына енетін еді. Ал Эмиль Ахметжанов өзі өнер көрсеткен барлық снарядтардан құлап қалды. Тек шығыршық пен қоссырықта Миладты алмастырып, жаттығуын ең соңына дейін орындап шықты. Ол өте жас спортшы, тіпті, ересектер арасындағы ірі жарысқа алғаш қатысып отыр. Сондықтан, оған кешіріммен қараймыз. Эмиль Парижде өткен гимназиаданың жүлдегері, болашағы бар жігіт. Бізге мұндай спортшыларды шыңдай беру қажет. Ал Дмитрий Патанин еркін жаттығудан финалға шығуды көздеп, сол сынға қатты дайындалды. Мұның кері әсерін де ұмытпау керек. Бір нәрсеге ерекше ден қойып, ақыр аяғында күйіп кетті. Келесі жылы Антверпенде өтетін әлем біріншілігінде Фарух Нәбиев пен Милад Карими толықтай қатарға қосылса, командалық көпсайыста ТОП-12 қатарына енетін мүмкіндігіміз мол», - дейді бас бапкер Александр Ким.

Айта кетелік, командалық көпсайыста әлемнің 70 мемлекетінен келген 200-ден аса спортшы бақ сынады.


Құрбанов пен Каримиге не жетпеді?


Әлем чемпионаты басталарда біз әдеттегідей екі спортшыдан ерекше үміт күттік. Олардың бірі – тек қана гимнастикалық ат снарядында бақ сынап, осы жаттығу бойынша әлем кубогінде топ жарып жүрген Нариман Құрбанов. Екіншісі – Токио Олимпиадасының финалисті, әлем кубогінің бірнеше дүркін жүлдегері Милад Карими. Тап қазір команданың тізгіні осы екі гимнастың қолында. Екеуі де жаһандық жарыстарда тұрақты түрде финалға шығып, жүлдеге таласып жүрген жігіттер. Әсіресе, биылғы әлем кубогі кезеңдерінде үш рет алтын алып, әлемдік рейтингте көш бастаған Нариманның тұғырда тұратын мүмкіндігі мол болатын. Бірақ іріктеу кезеңінен іркелмеген гимнастар ақтық сында қобалжып, жоқ жерден қателесіп жатты. Сын сағаты соққанда жүйкесі сыр беріп, психологиялық тұрғыдан сынып кету - біздің спортшылар үшін қалыпты жағдайға айналған. Отандық атлеттерді медальдан қаққан ең басты кемшілік те – осы.


«Миладқа қарағанда, биыл Нариманның медаль алатын қабілеті де, мүмкіндігі де жоғары болды. Ол іріктеу кезеңінде жаттығуды өте жақсы орындады. Егер финалда да дәл солай қайталағанда, сөзсіз чемпион атанар еді. Ақтық сында жаттығуды орталап қалған Құрбанов кенет асыға бастады. Екі жерден аз-кем қателесіп, өзі ойлағаннан аз ұпай алды. Нариман былтырғы әлем чемпионы, америкалық Стефан Недоросчиктің қалай қателескенін өз көзімен көрді. Жүлде алатын оңтайлы сәт туғанын да білді. Жаттығудың жеңілдетілген түрін қатесіз орындап шықса да, медальға ілігер еді. Әрине, ирландиялық Макленагенді басып озу мүмкін болмас. Бірақ ол тағы асығып кетті. Тағы да жүйке сыр берді. Тағы да төртінші орын», - дейді құраманың бас бапкері.



Иә, Нариман Құрбанов қатарынан үш әлем чемпионатында алғашқы бестіктен түскен емес. Ол 2019 жылы Штутгарттағы додада бесінші орыннан көрінсе, 2021 жылы Китокушуде, 2022 жылы Ливерпульде төртінші орынды қанағат тұтып отыр. Англиядағы әлемдік сында ол ең соңына дейін қола жүлдегер қатарында тұрған. Медаль соңғы сәтте сусып кетті.


«Былтырғы нәтиже мен үшін үлкен жетістік еді, әлем мықтыларымен иық тірестіруге болатынын түсініп қайтқанмын. Ал биыл нақты медаль аламын деген сенім басым болды, өйткені, бір жыл ішінде жетіле түстім, биылғы маусым да сәтті өтті. Төртінші орынмен келісу қиын. Ең соңғы болып шыққан армениялық гимнаст 38 жаста және өте тұрақты спортшы. Мен оны бұрыннан білемін әрі оның сәл де болса жоғары ұпай алатынына күмәнім болған жоқ. Себебінн, финалда менен қателік кетті. Ол жаттығуды бастайтын кезде-ақ, жеңіс тұғырынан сырт қалғанымды түсіндім. Сондықтан оның қандай ұпай алатынын қараған да жоқпын», - дейді Нариман.


Милад Карими де әлем чемпионатының жүлдесіне жылдар бойы қол созып келе жатқан атлет. Ливерпульде ол еркін жаттығудан финалға өтіп, ақтық сында бір емес, екі рет құлап қалды. Бас бапкердің пікірінше, пандемия кезінде жанкүйердің жоқтығына, залдағы тыныштыққа үйреген Карими Ливерпульдегі нағыз шоуға төтеп бере алмаған.


«Спортшылар ұзақ уақыт бойы жарыстарға қатысқан жоқ. Бұған пандемияның тікелей әсері болғанын білесіздер. Осы әлем чемпионатында бақ сынаған 207 гимнастың барлық снарядтағы жаттығуын өз көзіммен көрдім. Жаттығуды мүлтіксіз орындаған ешкім жоқ. Бәрі де қате жіберді. Жарыс кезінде құлап қалғандар да өте көп. Мәселен, іріктеу кезінде қытайлық төрт гимнастың үшеуі құлады. Еркін жаттығудан АҚШ құрамасының үш спортшысы өрескел қате жіберді. Тайпей құрамасы да жекелеген жаттығуларда финалға шыға алған жоқ. Олимпиада чемпиондары да қателесті. Өзгелермен салыстырғанда, біздің Милад Каримидің қатесі айтарлықтай ауыр емес. Спорттық гимнастика үлкен өзгерістерге ұшырап отыр. Жаттығудың тазалығы мен қиындығына үлкен мән беріледі. Егер Милад іріктеудегідей таза орындағанда дейміз тағы да... Таза орындаса, медаль да болар еді. Бірақ бәрі сәтсіз аяқталды. Елестетіп көріңізші... Кілемге шыққан бойда даңғырлаған музыка, шулаған жанкүйер, көзіңе түскен лазер жарығы күтіп тұр...Осындай у-шудың арасында жаттығуды мүлтіксіз орындау үшін психологиялық тұрғыдан мықты болу керек. Біз бұл жағынан ақсап тұрғанымызды мойындаймын», - дейді Александр Ким.


Милад Карими еркін жаттығудан финалға шыққан сегіз спортышының ішінен ең соңғы орынға тұрақтады.



Осылайша, Қазақстан командасы спорттық гимнастикадан әлем чемпионатында 25 жылдан бері жүлдесіз келеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында гимнастар әлем чемпионатын жалғыз медаль алған. 1997 жылғы әлемдік сында Сергей Федорченко қол тіреп секіруден чемпион атанған болатын. Бұл жетістік ұзақ жылдар бойы команда көшін бастаған Ернар Ерімбетов, Степан Горбачев сынды ардагерлер мен Карими мен Құрбанов бастаған қазіргі жас атлеттерге де бұйырмай келеді.


Алда - Антверпен, кейін Париж күтеді...


Олимпиадаға іріктеу әлі жалғасады. Енді гимнастар үшін Париж ойындарына жолдама алатын санаулы жарыстар қалды. Келесі маусымдағы ең басты бәсеке – Бельгияның Анверпен қаласында өтетін әлем чемпионаты. Аталған сында көпсайыстан алғашқы тоғыз орынға жайғасқан командалар Олимпиада жолдамасын еншілейді. Биыл лицензия мәселесін шешіп қойған командалар да жүлде алады деп есептесек, Қазақстан құрамасы үшін ТОП-12 қатарына ену жеткілікті болмақ. Сондай-ақ, 2023 жылғы әлем біріншілігінде жекелеген жаттығулар бойынша ерлер арасындағы сегіз гимнастқа лицензия беріледі. Ал әлем біріншілігінен лицензия алу бақыты бұйырмаса, гимнастар 2024 жылы өтетін қосымша әлемдік іріктеу турнирі мен құрлықтық лицензиялық жарыстарда бақ сынайды. Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ілияс Азизов, Дмитрий Патанин, Фарух Набиевтен құралған Қазақстан командасы жоғарыда аталған турнирлерде жолдама еншілейді деген үміт зор.


Сөз соңында отандық гимнастика шеберлерінің жекелеген жаттығу базасы жоқтығына қарамастан, жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін айтпаса болмас. Еліміздегі гимнастикаға қызығатын жастардың көптігіне, әлемдік аренадағы жетістігіміздің жоғарылығына қарамастан, ұлттық құрама заманауи үлгідегі бір базаға жарымай жүр. Қазіргі таңда спорттық және батуттағы гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыдағы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің №9 олимпиадалық резерв мектебінде жаттығады. Барлық жас санатындағы гимнастардың жаттығу жиыны мен түрлі жарыстары да осы жерде өтеді. Ал ұлттық құрама мүшелерінің әлемдік бәсекелерге тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік жоқ. Спорттық гимнастиканың сәт санап алға озып жатқанын ескерсек, біздің командаға заманауи спорттық қондырғылар мен снарядтар, жоғары сапалы кілемдер өте қажеттігі байқалады. Кім біледі, дәл осындай жағдай жасап қойса, спортшыларымыз да әлем чемпионатында алысқа шабар ма еді?!