"Өзбектерге тағы да есеміз кетті": Қазақ боксшылары құрлық додасын үш алтынмен аяқтады

Бокс

Иордания астанасы Амманда бокстан кезекті Азия біріншілігі мәресіне жетті. Бұл жарысқа аса бай болмаған биылғы маусымның соңғы додаларының бірі еді. Төрт жыл күткен Азия ойындары кейінге қалды, сондықтан, Белградтағы әлем біріншілігінен кейінгі ең маңызды бәсеке - осы құрлықтық турнир болатын. Жанкүйерлер де, боксшылар да асыға күткен жарыс нәтижесі екіұдай пікір қалдырды. Финалға шыққан тоғыз жігіттің үшеуіне ғана алтын бұйырды. Өзіміз үнемі салыстыратын өзбек боксшыларынан тағы да қалып қойдық. Амман шаршы алаңында не кедергі болды? Кім үмітті ақтамады? Bassport.kz саралап көрді. 


Құрама қалай жасақталды


Азия чемпионатына аттанатын құрам әу бастан сынға ілікті. Әлеуметтік желіде ұлттық құрамадағы кейбір салмақтарда бақ сынайтын боксшылардың шеберлігі туралы күмәнді жазбалар жариялана бастады. Әсіресе, 63,5 келідегі Санатәлі Төлтаевтың бірінші кездесуде ұтылғаны отқа май құйғандай көрінді. Себебі, дәл осы салмақта спаррингтік жекпе-жектер өтіп, Амманға баратын боксшы соңғы сәтте анықталған еді. Бас бапкер Санатәлінің ұлттық құрамадағы екі қарсыласын да жеңіп, Азия чемпионатына адал жолмен аттанғанын айтты.


"Азия чемпионаты қарсаңында біз екі салмақта спаррингтік кездесулер өткіздік. Яғни, 63,5 және 75 келіге дейінгі салмақта құрлықтық сынға кімнің қатысатынын көпке дейін анықтай алмадық. Егер бір боксшы айқын басымдық танытып тұрса, ойланбастан апарушы едік. Сол себепті, біріншілік қарсаңында спаррингтік кездесулер өткіздік. Аталған жекпе-жектерді федерацияның атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, мемлекеттік жаттықтырушы Мерей Ақшалов арнайы келіп тамашалады. Бапкерлер де сол жерден табылды. Аталған сында Санатәлі өз қарсыластарының бәрін жеңді. Алдымен Сұлтан Мусиновты, кейін Мұхамедсабыр Базарбайұлын ұтты", - деді Сәтжанов.


Бұл бәсеке бас команда үшін алдағы маусым қарсаңындағы басты дайындық болғаны анық. Бірақ Қайрат Сәтжанов айтарлықтай эксперименттерге барған жоқ. Құрлық сынында жұдырықтасқан жаңа есімдерден Санжар Тәшкенбай мен Дулат Бекбауовты байқадық. Екеуі де финалда бақ сынады. Қалған боксшылар былтырғы Белград додасынан бәрімізге белгілі. 


Үш алтын, алты күміс


Тоғыз боксшымыз финалға шыққан соң, кем дегенде бес алтын аламыз деген болжам болғаны рас. Бірақ кей салмақтарда төрешілер шешімі күмән тудырса, енді бірінде боксшыларымыз осалдық танытты.


48 келіге дейінгі салмақта жас боксшымыздың жұлдызы жанып келеді. Тіл-көзден аман болса, Санжар Тәшкенбай алысқа барады деп үміт артып отырғандар көп. Санжар жастар арасындағы мүмкін болған жарыстың бәрінде топ жарған жігіт. Енді ересектер арасындағы тырнақалды табысына қол жеткізді. Турнир барысында Тәшкенбай тәжірибелі үндістандық боксшыны ұтып, финалда жапондық Аратаке Казуманы айқын басымдықпен жеңді. Мінезі мен таланты ұштасқан Санжарды енді бапкерлер шыңдай түссе деген тілек бар.

71 келідегі Асланбек Шымбергенов үшін бұл көптен күткен жеңіс. Ұзақ жылдар бойы Абылайхан Жүсіповтің көлеңкесіне қалған боксшының екінші тынысы енді ашылғандай. Токио Олимпиадасынан кейін Шымбергенов команданың капитаны атанды. Былтыр Белград төрінде жүлдеден қағылса да, 71 келінің тізгінін әлі ешкімге берген жоқ. Осылайша, өз мансабында алғаш рет Азия чемпионы атанып отыр. Бұған дейін ол 2018 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған болатын.


Бір қызығы, Азияның алтынын алғаш рет жеңіп алған Санжар Тәшкенбай 19 жаста, тұңғыш рет құрлық сынында топ жарған Асланбек Шымбергенов 29 жаста екен.

92 келідегі Айбек Оралбай да 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасынан кейін әлемдік жарыстарда жүлде салмаған еді. Ауыр салмақтағы батырымыз биылғы додаға бабында барыпты. Финалда басқаны емес, былтырғы әлем чемпионатында есе жіберген этникалық қазақ Мадияр Сайдрахимовты таза жеңді. Қазір екі боксшының арасындағы есеп теңесті. Василий Левит мансабын аяқтаған соң осы салмақтың мұрагері аталып жүрген Айбектің аяқ алысынан күтеріміз көп.


Кім ұтылды, кім тұтылды?


51 келіге дейінгі салмақтағы финалдық бәсекені Олимпиада немесе әлем чемпионатының финалындай күткеніміз анық. Себебі, біздің басты үмітіміз Сәкен Бибосыновқа 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Хасанбай Досматов қарсылас атанған еді. Былтырғы әлем чемпионатында Сәкен Хасанбайды 5:0 есебімен жеңіп, жүлдеден қаққан болатын. Осы жеңіліс жанына қатты батқан өзбек боксшысы бұл жолы тек есе қайтаруға келіпті. Мұнысын жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында да айтып, басты мақсаты - Бибосыновты ұту екенін жасырған жоқ.

Аммандағы ақтық сынды Сәкен жақсы бастады. Бойы мен қолының ұзындығын пайдаланып, 3:2 есебімен бірінші раундты өз пайдасына шешкен. Бірақ қалған кезеңдерде ара-қашықтықты қысқартып, Хасанбаймен қоян-қолтық ұрысқа барды. Бұл аласа бойлы өзбек боксшысына қол болғаны анық. Айқын басымдық байқалмаған соң, төрешілер Олимпиада чемпионын алға шығарды. Осылайша, Хасанбай Досматов қазақ боксшыларын 11-рет жеңді. Жекпе-жектен соң сұхбат берген Сәкен: "Мен мықты болып ораламын", - деді. Батырдың бұл сөзі жабырқау көңілге демеу болғаны анық. Өйткені алда Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен Париж Олимпиадасы қол бұлғап тұр.


54 келідегі Махмұд Сабырханға тағы да күміс бұйырды. Әрине, Әділбек Ниязымбетовке тіркескен "Күмісбек" атауына Махмұдты әлі де қимаймыз. Жас боксшы, талай жарыста топ жарары сөзсіз. Биылғы Азия біріншілігіндегі күмәнді шешімдердің бірі осы Сабырханға тиесілі еді. Иә, финалдағы қарсыласы өте мықты. Олимпиаданың ақтық сынында айқасқан филиппиндік боксшымен Махмұд терезесі тең өнер көрсетті. Бірақ бірінші раундта төрешілер 0:5 есебімен жеңісті қарсыласқа берген соң, жекпе-жек тағдыры шешіліп қойғандай болды.

Есепті қысқарту үшін асығыс алға ұмтылған боксшының соққы жіберері де анық жайт. Бір жағынан, ұйымдастырушылар құрлықтағы өзге мемлекетті де алтынсыз қалдырмауды көздегені байқалады. Махмұдты жеңген филиппиндік боксшы өз құрамасына жалғыз алтынды сыйлағанын ұмытпау керек.

57 келідегі Серік Теміржанов пен 67 келідегі Дулат Бекбауовты да қарсыласынан жеңілді деуге ауыз бармайды. Соңғысына бірінші раундта алған күмәнді нокдаун әсер етсе, Теміржанов теңдей өткен жекпе-жекте жеңіліп қалды. Бір өкініштісі - екі боксшымыз да өзбекстандық қарсыластарына есе жіберген.

Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың құрамаға қайта оралғаны бізді бір серпілтіп тастаған. Алыптар додасына ұялмай қосатын басқа боксшымыз болмағасын, одан қалса, Қамшыбекті үш Азия чемпионатында алтынсыз қалдырған Бахадүр Жалолов кәсіби бокста бақ сынап жүрген соң, ауыр салмақтың алтынын алдын ала иемденіп қойғанымыз да рас. Алайда, бұл жолы өзбектің жас перісі, 23 жастағы Ләзизбек Муллажанов тосқауыл болды. Төрешілер өзбек боксшысының дәл соққылары көп болғанын ескеріп, жеңісті қарсыласқа берді. Қамшыбек Азия чемпионатындағы төртінші күмісін иеленіп отыр. Ал Муллажанов осымен қазақ боксшыларын үшінші рет жеңіп кетті. Ол биылғы халықаралық турнирлерде Дамир Тойбай мен Нұрлан Сапарбайды сенімді ұтқан еді.

Бапкер не дейді?


Бас бапкер Қайрат Сәтжанов шәкірттері кем дегенде бес алтын алады деп болжағанын жасырған жоқ. Одан бөлек, бірнеше алтынды төрешілердің тартып алғанын да айтты.

"Сәкен Бибосынов, Сабырхан Махмұд, Серік Теміржановтар жеңілген жоқ. Қамшыбекті де ұтылды деуге аузым бармайды. Төрешілер тарапынан қателіктер кетті. Саяси жағдай солай болып тұр. Финалға дейін жақсы жеттік. Ал ақтық сында қазылар қысып жіберді. Кем дегенде 5, әрі кеткенде 8 алтын аламыз деп сенген едім. Төрешілер аяқтан шалды. Жігіттерге рахмет, алдағы жарыстарға дайындаламыз. Келесі жылы Ташкентте әлем чемпионаты өтеді. Азия ойындары ұйымдастырылады. Сол сындарға дайындықты бастаймыз", - деді Сәтжанов.


Осылайша, Қазақстан өзінің ежелгі қарсыласы Өзбекстанға тағы да жол берді. Ерлер мен әйеьдерді қоса есептегенде, біздің команда 6 алтынмен көш бастап тұр. Бірақ ерлер арасындағы сында 5:3 есебімен Өзбекстан алда. Көрші елдің 5 боксшысы финалда топ жарса, Қазақстан үш алтынды қанағат етті. Соңғы үш Азия чемпионатында топ жарған өзбекстандық боксшылар бұл жолы да дес берген жоқ.

Десе де, мұның бәрі ең басты бәсекелерге - әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына дайындық деп есептейміз. Келесі жылдың мамырында Ташкентте өтетін әлем біріншілігінің нәтижесі біз үшін салмақты һәм маңызды болары анық. 


Сурет: Спортты дамыту дирекциясы