Қазақстандық балуан Әли Алмас әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды
Біріккен күрес әлемі
Әзербайжанның Баку қаласында 27 шілде мен 2 тамыз аралығында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионатында қазақстандық балуан Әли Алмас сәтті өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әли Алмас жарысты екі сенімді жеңіспен бастады. Ол алғашқы белдесуінде Венгрия өкілі Бенедек Томборды 9:0 есебімен айқын ұтса, ширек финалда Қырғызстан балуаны Абдушукур Дурусалиевті 8:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді финал жолдамасы үшін Қазақстанның жас балуаны Армения өкілі Арарат Аветисян мен Өзбекстан спортшысы Жовохир Шарибоев арасындағы кездесудің жеңімпазымен белдеседі. Айта кетейік, Әли Алмас – 2025 жылы 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында 41 келі салмақта Азия чемпионы атанған. Қазақстандық жанкүйерлер енді оның әлем чемпионатындағы жеңісті жорығы жалғасады деп үміттенеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін аталған әлем чемпионатында қазақстандық балуандар Мирас Махамбет пен Әлихан Күшев жарысты ерте аяқтаған болатын.