Шайдоров Францияда әлем жұлдыздарымен бір мұз айдынына шығады
ҰОК
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылдың 9 тамызында Францияның Анже қаласында өтетін L’Art du Patinage («Мәнерлеп сырғанау өнері») мұз шоуына қатысады, деп хабарлайды Bassport.kz Informaports.kz-ке сілтеме жасап.
Бағдарламаның қоюшы-хореографы – француз маманы Бенуа Ришо.
Шайдоровтың аталған шоуға қатысуына оның Бенуа Ришомен шығармашылық әріптестігі себеп болды. Француз хореографы бұл қойылымның авторы әрі режиссері ретінде жұмыс істейді.
Әлемнің үздік спортшыларымен бірге өнер көрсетеді
Анжедегі мұз шоуында Михаил Шайдоровпен бірге Еуропа чемпионы Ника Эгадзе, Еуропаның екі дүркін чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Адам Сяо Хим Фа, Ресейдің екі дүркін чемпионы Евгений Семененко, 2026 жылғы әлем чемпионатында төртінші және Милан Олимпиадасында бесінші орын алған канадалық Стивен Гоголев, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі америкалық мәнерлеп сырғанаушы Алина Бонильо өнер көрсетеді.
Шайдоровтың жетістіктері
Михаил Шайдоров – Милан-2026 Олимпиадасының чемпионы. Олимпиадада ол қысқа бағдарламада 92,94, еркін бағдарламада 198,64 ұпай жинап, жалпы 291,58 ұпаймен алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар оның қоржынында:
2025 жылғы әлем чемпионатының күміс медалі;
2025 жылғы Төрт құрлық чемпионатының алтын медалі;
2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдесі;
Қазақстанның бес дүркін чемпионы атағы (2020–2024);
2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесі бар.
Бұдан бөлек, Михаил Шайдоров 2024 жылғы Grand Prix de France турнирінде алғаш рет үштік аксель мен төрттік тулуптан тұратын каскадты орындап, әлемдік тарихқа енді. Сондай-ақ 2024 жылғы Гран-при финалында үштік аксель, ойлер және төрттік сальховтан құралған ерекше каскадты сәтті орындаған алғашқы спортшы атанды.