Сергей Старыгин: “Бәрі психологияға байланысты болады”

Сергей Старыгин: “Бәрі психологияға байланысты болады”
Хоккей

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Францияға жолға шығар алдында қорытынды жаттығуын өткізді, деп жазады BasSport.kz.

23-29 сәуір аралығында Францияның Анже қаласында жас хоккейшілеріміз топ-дивизионға шығу үшін Венгрия, Дания, Франция, Жапония және Украина құрамаларымен сынға түседі. Элиталық дивизионға тек бір жолдама беріледі. 

Команданың бас бапкері Сергей Старыгин ҚХФ баспасөз орталығына берген сұхбатында құрамның қалай жасақталған туралы айтты. 

- Дайындықтың алғашқы кезеңіне 33 ойыншы шақырту алды. Екі жолдастық кездесу өткізіп, Францияға баратын құрамды жасақтадық. 25 алаң ойыншысы мен үш қақпашы барады. Францияда айдын иелерімен және Жапония құрамасымен жолдастық кездесулер өткіземіз, содан кейін әлем чемпионатына қатсатын нақты құрам белгілі болады. 23 сәуір күні жарыс басталады. Команданың барлық мүшесі маусымда толық өнер көрсетті, физикалық жағдайларын сынақтан өткіздік, бәрі дайын. Барлығы психологияға байланысты болады деп ойлаймын.

- Тұңғыш рет Солтүстік Америка, Финляндияда ойнап жүрген хоккейшілер ұлттық құрамаға шақырту алды. Олардың ойынын бақылап жүрдіңіздер ме?

- Әрине, біз олардың онда ойнайтындарын білдік. Статистика бар, әрдайым назарымызда болды. Финляндияда өнер көрсететін Давлат Нұркенов пен Александр Ким – өз командаларында, тіпті лигада көшбасшы ойыншылар. Рахат Оспанов мықты қорғаушылардың бірі, Мағжан Сағадиевтің де деңгейі нашар емес. Барлығын жолдастық кездесулер мен жігіттердің тапсырманы қалай орындайтыны шешеді.

- Турнир алдындағы жолдастық кездесу өткізетін қарсыластар туралы пікіріңіз.

- Қарсыластарымыздың осы маусымда қатысқан турнирлерінің бейнежазбасы бар, бәрін зерттедік, қарадық. Кімнің қалай ойнайтынын білеміз деуге болады. Сондықтан дайындаламыз. 

- Құрам жыл сайын жаңарып отыра ма?

- Барлық құрамаларда солай, өткен жылы 2004 жылғы хоккейшілер өнер көрсетті. Бізде ғана 2005 жылы туған ойыншылар көп болды. Биыл барлық құрамалар 2005 жылы туған хоккейшілерден жасақталған.