«Қайрат» футзал клубының бас бапкері 25 сәуірде анықталады
Алматының «Қайрат» футзал клубы бас бапкерлікке бірнеше үміткерді қарастырып жатыр, деп хабарлайды BasSport.kz.
Бұл туралы Vesti.kz сайтына сұхбат берген клуб президенті Қайрат Оразбеков мәлімдеді. Бұған дейін клубтың қазіргі бас бапкері Рикардо Каканың маусым аяқталған соң қызметінен кететіні мәлім болған.
«Біздің шорт-парағымызда төрт бапкер бар. Қазір оларды зерттеп, техникалық кеңеспен және клуб акционерлерімен ақылдасып жатырмыз. Шешім 25 сәуірде айтылады», – деді Оразбеков.
Айта кетейік, Кака «Қайрат» клубын 2018 жылдан бері баптап келеді. Маман тізгінді қолына алғалы Алматы командасы төрт рет Қазақстан чемпионатында топ жарып, ел Кубогы мен Суперкубогында да осы жетістігін қайталады. Сонымен қатар «Қайрат» екі рет УЕФА Чемпиондар лигасының төрттік финалына шықты.