Қоқыста жатқан туды алып, үйіме апардым - Аңсар Шайхмедденов

Қоқыста жатқан туды алып, үйіме апардым - Аңсар Шайхмедденов
Хоккей

"Барыстың" жас шабуылшыларының бірі Аңсар Шайхмедденов BasSport.kz арнайы берген сұхбатында патриоттық туралы сұраққа жауап беріп, ойымен бөлісіп, өміріндегі қызық оқиға туралы айтып берді. 

"Өзімді патриот деп санаймын. Елде әртүрлі жағдай болған кезде қатты алаңдаймын, қобалжимын.

Ата-анам, әсіресе әкем бала кезімдегі бір оқиғаны жиі еске алады. Үшінші не төртінші сыныптың оқушысы болғанымда, бір жаңбырлы күні мектептен үйге қарай келе жатқан кезімізде көшедегі қоқыстың арасынан тудың түсіне ұқсас нәрсе көрдім. Алыстан ту шығар деп ойладым, сездім. Барып қарасам, екі ту жатыр екен. Қоқыстан қолыммен алып, үйге апардым. Үйде ешкім жоқ еді. Анамның кешке жұмыстан келгенін күтпей, оған хабарласып, кір жуатын машинаны қалай қосатынын сұрап, жуып қойдым. 

Ол екі ту әлі бар. Біреуі өзіммен бірге Астанада, екіншісі Оралдағы үйімде. Әкем бойымда патриоттық сезім бар екенін сол кезде түсінгенін айтады", - деді Аңсар Шайхмедденов.