Жас қазақ балуаны Ташкенттің Grand Slam турнирінің күміс жүлдесін еншіледі

Жас қазақ балуаны Ташкенттің Grand Slam турнирінің күміс жүлдесін еншіледі
Дзюдо

Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қазақстандық жас спортшы Нұрқанат Серікбаев күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Ол финалда оңтүстіккореялық Ким Вон Жинге есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты.

Отандасымыз шешуші кезеңге дейін бірнеше қарсыласынан басым түскен. Атап айтсақ, алғаш белдесуінде Сауд Арабия спортшысынан басым түссе, екінші айналымда әзербайжандық Ровшан Әлиевті қапы қалдырды. Ширек финалда татами иесі Дилшодбек Баратовты ұтқан Серікбаев жартылай финалда әлем чемпионы, грузин Чвимиани Лухумиді ұтты.

Аталған сында 60 келіде күрескен тағы бір балуан Мерей Марханбетов алғашқы айналымда өзбек балуанына есе жіберді. 66 күрескен Есет Қуанов алғашқы айналымда ұтылса, Ғұсман Қырғызбаев бірінші белдесуінде испан спортшысын ұтқанымен, екінші кезеңде оңтүстіккореялық Ким Менджиннен айласын асыра алмады.

Сонымен қатар, әйелдер арасында 48 келіде күрескен Ғалия Тынбаев Куба балуанын ұтқанымен, ширек финалға шығар белдесуде сербиялық Андреа Стоялиновичке жол берді. 52 келіде тағы бір отандасымыз Толғанай Әбеуова Ташкент турнирін алғашқы айналыммен аяқтады.