ҰБА ойыншысы ганалық және нигериялық балаларға 45 мың доллар қаражат аударды

ҰБА ойыншысы ганалық және нигериялық балаларға 45 мың доллар қаражат аударды
Баскетбол

Ұлттық баскетбол ассоциациясы "Даллас Маверикс" командасының ойыншысы Кайри Ирвинг Нигерияның Лагос қаласындағы мектеп пен Ганадағы балалар үйіне 45 мың доллар көлемінде қаражат аударып, қайырымдылық жасады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі "The Dallas Morning News" басылымына сілтеме жасап. 

22 жастағы Кэмерон Мофид есімді азамат Батыс Африкаға жасаған саяхатынан оралғаннан кейін Гана мен Нигерия балаларына көмектесу туралы ойға келеді. Сөйтіп, ол GoFundMe ресурсында қайырымыдылыққа 1 мың доллар жинай бастайды, бар мақсаты бұл іске таныстары мен достарын тарту болған. Бастапқы қаражат жылдам жиналған соң, Кэмерон мақсатты соманы 5 мың долларға дейін көтереді. Араға аз уақыт салып ол есепшотына қайырымдылық үшін "Кайри" деген хатпен 45 мың доллар қаржы аударылғанын көреді. 

Болашақ мектептің оқушылары мен мұғалімдері америкалық баскетболшыға алғыс айтып, видео жазған. Сондай-ақ, "Кайри Ирвингтің сыныбы" деген жазу жазылған тақтайшаны да көрсеткен. Сонымен қоса, Кайридің құрметіне балаларға арналған баскетбол алаңына атау жоспарланып отыр.