Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мансабын аяқтады
Жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы әрі жүлдегері қазақстандық спортшы Ольга Рыпакова кәсіби мансабын аяқтады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Спортшы бұл туралы Астанада өткен жабық кешендегі Х Азия чемпионатының жабылуында мәлімдеді.
"Еліме ризамын! Президент пен спорт жетекшілерінен бастап ең жас жанкүйерлеріме дейін бір ғана, бірақ өте маңызды нәрсе - маған артқан сенімдері үшін алғыс айтамын. Мені тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде танытуға мүмкіндік берген тағдырға және Құдайға ризамын", - деді спортшы.
Ольга Рыпакова - үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының (2012) чемпионы, Бейжіңдегі жазғы ойындардың (2008) күміс, Рио-де-Жанейродағы төрт жылдықтың басты бәсекесінің (2016) қола жүлдегері. Сондай-ақ, спортшы үш қарғып секіруден 2010 жылғы жабық кешендегі әлем чемпионатының жеңімпазы.