Әлем чемпионы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді
Футбол
“Манчестер Юнайтед” пен Франция командасының қорғаушысы Рафаэль Варан ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
29 жастағы футболшы бұл туралы әлеуметтік желідегә парақшасында мәлімдеді.
“Он жыл көлемінде елімнің намысын қорғау - үлкен мәртебе. Әр кез осы көк жейдені киген сайын, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Жүрегіңмен ойнап, алаңда жеңіс үшін барыңды саласың, бұл - ерекше міндет. Бірнеше ай бойы ойланып, халықаралық футболдан кетуге шешім қабылдадым.
1998 жылы, бала кезімде ұлттық құраманың ойынын бақылап, керемет сезімге бөленгенім есімде. Олар сияқты қаһарман болуды қалағаным бар, араға 20 жыл салып өмірімдегі ең керемет күндердің бірін бастан кешірдім. Отанымызға кубокты әкелдік! Есімнен еш кетпейді. 2018 жылдың 15 шілдесіндегі сезімдерім әлі есімде. Өмірімнің ең есті сәттерінің бірі. Бәріміз бірге қол жеткізген жеңісте Дидье Дешамның, ұлттық құрамаға қатысы бар әр жанның сіңірген еңбегі зор.
Бірақ осы жеңістің бәріне жанкүйерлердің қолдауынсыз жету мүмкін емес еді. Әлем чемпионатынан кейін Францияға оралғанымыздағы сіздердің қуаныштарыңыз есімже мәңгі сақталады. Өткен жылы финалда жеңіліс тапқанымыздан кейін де, бізді қаһармандардай күтіп алдыңыздар. Бәріңізге мың алғыс! Сіздермен бірге бастан кешірген сәттерді сағынарым анық, бірақ жастарға жол беретін шақ туды. Бізде талантты жастар көп. Оларға мүмкіндік беру керек және оларға сіздердің қолдауларыңыз қажет. Шын жүректен рақмет. Рафа”, - деп жазды Варан әлеуметтік желідегі парақшасында.