Никита Чирюкин нысана көздеуден әлемдік доданы үздік ондықта аяқтады
ҰОК
Қазақстандық мерген Никита Чирюкин Дохада (Қатар) өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында үздік ондыққа енді, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.
Отандасымыз 25 метр қашықтықтан жылдам атылатын тапаншамен нысана көздеу сайысында бақ сынады. Іріктеу кезеңінде Никита Чирюкин 582 ұпай жинап, тоғызыншы орынға тұрақтады. Оның нәтижесі Оңтүстік Корея өкілі Ли Гонхекпен бірдей болды. Алайда кореялық мерген ішкі ондыққа көбірек тигізгендіктен (25 қарсы 24), сегізінші орынға ие болып, финалға жолдама алды. Осылайша, қазақстандық спортшы финалға бір қадам жетпей, жарысты аяқтады.
Іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша үздік сегіз мерген ақтық сынға өтті. Финалда Германия өкілі Флориан Петер жеңімпаз атанды. Франциялық Клеман Бессаге күміс медаль иеленсе, оның отандасы Жан Кикампуа қола жүлдегер атанды.
Еске салайық, бұған дейін Ирина Юнусметова Қазақстан құрамасына осы әлем чемпионатындағы алғашқы медальді сыйлаған болатын. Ол 50 метр қашықтықтан тапаншамен нысана көздеу сайысында қола жүлдеге ие болды.