Елордада алғаш рет жеңіл атлетикадан халықаралық беделді жарыс өтеді

Елордада алғаш рет жеңіл атлетикадан халықаралық беделді жарыс өтеді
Басқа

Астанада алғаш рет жеңіл атлетикадан халықаралық жоғары статусы бар жарыс өтеді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Astana Meeting World indoor tour – деп аталатын дода жабық кешендегі беделді бәсеке болмақ. Яғни, елордаға әлемнің үздік жеңіл атлеттерінің біразы келеді. Астанада «Qazaqstan» атты халықаралық талаптарға сай келетін жеңіл атлетика манежі бар. Сондықтан осындай жарыстар өткізуге мүмкіндіктер туындап жатыр. Бұған дейін Азияның мықтыларын қабылдағанбыз.
Бұл жолғы бәсеке – World Athletics indoor tour кезеңдерінің бірі саналады. Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы (IAAF) 2016 жылдан бері осындай жабық кешендегі жарысты қолға алған. Бұған дейін тек ашық аспан астында «Гауһар лига» болатын. Енді жабық манеждегі сайыстың беделін арттыру үшін осындай лиганы қолға алды. Биыл бірінші кезең 21 қаңтар АҚШ-тың Айова-Сити қаласында басталады. Сосын Чехия, Люксембург, 23 қаңтарда Астанада жалғасады. Одан кейін Дания, Германия, Испания мемлекеттері қабылдап, соңғы кезеңі 11 наурызда Францияда аяқталады.

Astana Meeting жарыстың күміс мәртебесіне ие. Бағдарламаға жеңіл атлетиканың 9 түрі енгізілген. Бұл додаға АҚШ, Португалия, Бразилия, Эфиопия, Марокко, Куба, Барбадос және әлемнің т.б. елдерінен30-ға жуық спортшы қатысады. Бағдарламаның әр түрінің жүлде қоры 4000 долларды құрайды.

"Бұл жарыс отандық жеңіл атлетиканың халықаралық деңгейдегі беделін және спортшылар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Astana meeting еліміздің және Азия өңірінің жеңіл атлетикасындағы ең беделді жарыстардың біріне айналады", - дейді ҚР жеңіл атлетика федерациясы.