Мароккодағы бір стадионға ұлттық құрама мүшесінің есімі берілді

Мароккодағы бір стадионға ұлттық құрама мүшесінің есімі берілді
Футбол

Марокконың Эль-Ксар-эль-Кебир қаласындағы стадионға ұлттық құрама мен “Париж Сен-Жьермен” клубының қорғаушысы Ашраф Хакимидің есімі берілді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Эль-Ксар-эль-Кебир - Мадридте туған 24 жастағы футболшының анасының кіндік қаны тамған қаласы. 

Қорғаушы қала билігі ұйымдастырған іс-шараға өзі барып қатысқан. 

“Бүгін сіздермен бірге болғаным үшін өте бақыттымын. Эль-Ксар-эль-Кебир қаласына алғысымды білдіремін. Шаһар үшін көп жақсылық жасап жатқан қала әкімін осы жерден көргенім үшін қуаныштымын. Біз Марокко мәдениеті мен халық игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Бұл менің анамның туған қаласы және балалық шағым осында өтті десем де болады. Бәріңізге көп рақмет”, - деді Ашраф Хакими іс-шарада. 

Катарда өткен әлем чемпионатында Ашраф Хакими Марокко құрамасының барлық ойындарына қатысты. 

Еске салайық, 2022 жылғы доп додасында Марокко жартылай финалға дейін жетіп, төртінші орынға тұрақтап, тарихи нәтиже тіркеген болатын.