Бензема әлем чемпионатына қатыса алатын еді, бірақ...

Бензема әлем чемпионатына қатыса алатын еді, бірақ...
Футбол

Футболдан Франция ұлттық құрамасы мен "Реал Мадрид" клубының шабуылшысы Карим Бенземаның әлем чемпионаты басталған күні жарақат алғаны белгілі. Дәрігерлер қайта қалыпқа келуіне үш апта қажет деген Бенземаның орнына Дидье Дешам басқа ойыншыны шақырған жоқ. Ал шабуылшының өзі жарақатынан жылдам айығып, 29 қараша күні ойынға қатысуға дайын болған, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Бірақ сол күні бас бапкер Дидье Дешам Бенземаны құрамға қайта қосудан бас тартқан. Сөйтіп, бапкердің асығыс шешімінің салдарынан Карим Бензема осымен екінші рет қатарынан әлем чемпионатынан тыс қалып отыр. Ол 2018 жылы командаласына қоқан-лоқы көрсетті деген күдікпен Францияның құрамынан тыс қалған. "Алтын доп" иегерінің биылғы Мундиальда жарқырауына алдымен жарақаты, кейіннен бас бапкердің шешімі ықпал еткен. 

Қазір Карим Бензема "Реал Мадридпен" жаттығуға кірісті және оның енді Катарға қайта бармайтыны анық. Бензема соңғы рет алаңға 2 қараша күні шықты, жарақатына байланысты маусымның көп бөлігін жіберіп алды. 

Франция ұлттық құрамасының чемпиондық атағын қорғап қалуға мүмкіндігі бар. Бензема әлем чемпионатында өнер көрсетпесе де, Франция қандай да бір жүлдеге қол жеткізсе не чемпион атанса, ол да әлем чемпионатының жеңімпазы атанады не күміс пен қола жүлденің біреуін мойнына тағады.