Бұл - өзіңді көрсетуге берілген мүмкіндік - Аңсар Шайхмедденов

Бұл - өзіңді көрсетуге берілген мүмкіндік - Аңсар Шайхмедденов
Хоккей

Шайбалы хоккейден 15-18 желтоқсан күндері Мәскеуде өтетін Бірінші арна кубогына дайындық аясында Қазақстан ұлттық құрамасы БАҚ өкілдеріне ашық жаттығу өткізіп, биыл құрама команда сапына алғаш рет шақырту алған "Барыс" хоккей клубының жас шабуылшысы Аңсар Шайхмедденов bassport.kz тілшісіне сұхбат берді. 

- Құрлықтық хоккей лигасындағы кішігірім үзіліс кезінде бірнеше күн демалыс берді. Бүгін жаттығуға қайта кірістік. Әрине, бүгінгі жаттығу кіріспе ғана. Ал ертеңнен бастап команда толық бас қосқанда, дайындық қарқынын үдете түсеміз.

- Өткен жылы дәл осы уақытта 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасымен бірге әлем чемпионатында өнер көрсеттің. Ал биыл, араға бір жыл салып негізгі ұлттық құрама сапына шақырту алдың. Қандай сезімдесің?

- Өте қуаныштымын. Алғаш рет ұлттық құрамаға шақырту алып отырмын. Негізі, құрама команданың жаттығуларына шақырылатыныма сенімді болдым. Құрлықтық хоккей лигасындағы ойындарда өзімді жақсы жағымнан көрсетуге барынша тырыстым. Бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Енді ұлттық құрама сапынан ойып тұрып өз орнымды алу үшін жұмыс істеп, көп еңбектенуім керек.

- Осы турнир мамырдағы әлем чемпионатының оқу-жаттығу жиындарына шақырту алуға да әсер ететіні анық. Мұны өзіңді көрсетуге берілген қосымша мүмкіндік деп те есептеуге болады. Беларусь және Ресей құрамаларына қарсы ойын өткізудің жеке өзің үшін қандай маңызы бар?

- Иә, әрине. Турнирдегі әрбір ойын маңызды және әлем чемпионатына бару үшін осындай турнирлерде өзіңді жақсы қырыңнан таныту керек. Оған қоса, мен жас ойыншы болғандықтан және алғаш рет халықаралық турнирде ел намысын қорғайтындықтан, турнирдің мен үшін маңызы зор. Бірінші арна кубогынан кейін бірден Құрлықтық хоккей лигасындағы матчтар басталады. Үзіліс ұзақтау, сондықтан осы турнир арқылы ойын тәжірибесін жоғалтпаймыз. Ұлттық құрама үшін ойнағанда ел беделін бірінші орынға қоясың, сондықтан деңгей де басқаша.

- Жаңа 3х3 форматында ойнаймыз. Қандай ерекшеліктер, артықшылықтар болуы мүмкін?

- Бұл форматтағы турнирдің қандай алаңда өтетіні әлі белгісіз. Бірақ кезеңдерде уақыт аз әрі тәртіп бұзғаны үшін алаңнан қуу деген сияқтылар болмайтындықтан, шеберлігі жоғары, креативті ойыншылар құрамға еніп, олар әдемі шайбалар соғуға тырысады деп ойлаймын.