Тарихи жетістік: Алан Құрманғалиев әлем чемпионатының финалына шықты

Тарихи жетістік: Алан Құрманғалиев әлем чемпионатының финалына шықты
Теннис

Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінің аралас жұптық сынында отандасымыз Алан Құрманғалиев турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алды. Бұл Қазақстан үстел теннисі үшін тарихи жетістік, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Мысырлық Хана Годамен жұп болып өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жартылай финалда жапониялық Такуми Танимото - Рин Менде дуэтін 3:2 есебімен жеңді. Бұл Аланның алғаш рет әлем чемпионаты финалында бақ сынауына мүмкіндік берді. Бұрын-соңды қазақстандық кіші ракетка шеберлерінің ешқайсысы жаһандық доданың шешуші кезеңінде өнер көрсетіп көрмеген. 

Алтын үшін болатын таласта Алан Құрманғалиев-Хана Года жұбы португалиялық-испаниялық дуэт Тьяго Абидона-Мария Берзосаға қарсы ойнайды.

Матч 10 желтоқсан күні Астана уақытымен 00:45-те басталады.