Рики Мартин, Шакира және Anastasia: әлемді баураған әнұрандар

Рики Мартин, Шакира және Anastasia: әлемді баураған әнұрандар
Футбол

Катардағы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңдері аяқталуға жақын. Жарысқа қатысушы құрамалар осы кезеңдегі соңғы ойындарын өткізеді. Әлем чемпионатына дайындық осы жарысты өткізу туралы өтініш берген күннен басталады. Стадиондар бой көтеріп, футбол ойындары өтетін қалалардың инфрақұрылымы ретке келтіріледі. Сонымен қатар чемпионаттың логотипі, бойтұмары және арнайы әнұраны дайындалады. Енді осы чемпионаттарға әдейілеп жазылатын әндерге тоқталсақ. Алысқа бармай өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан шолуды бастауды жөн көрдік.  


1982 жыл. Әлем чемпионаты Испанияда өтті. Осы дүбірлі додаға El Mundial әні жазылып, оны әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго орындап шыққан. Испаниядағы чемпионат финалында Италия құрамасы Германия федеративті республикасының командасын жеңіп, чемпион атанған еді. 

1986 жыл. Әлем чемпионатын өткізу құқығын Мексика жеңіп алды. Ацтектер осы мундиальға арнап "El Mundo unido por un balón" әнін шығарады. Диего Марадона бастаған Аргентина құрамасы әлем чемпионатында топ жарды. Немістер тағы да күміс жүлдегер атанды.

1990 жыл. Бұл жолы чемпионат Италияда өтті. Gianna Nannini & Edoardo Bennato - UN'ESTATE ITALIANA әні. Әртістер әнұранда ойынға деген құмарлықты көрсетуге тырысқандай әсер қалдырады. Финалда немістер Аргентинаны жеңіп, есе қайтарады. Германия сол кездегі нағыз «машина» еді. Олар үш әлем чемпионатында қатарынан финалға шыққан болатын.

1994 жыл. Әлем чемпионаты тұңғыш рет Америка Құрама Штаттарында өтті. Соккерден өткен әлем чемпионаттың «Gloryland» әнін Daryl Hall & Sound Of Blackness орындап шықты. Финалда Бразилия мен Италия жолығып, чемпион тек пенальти соққылары бойынша анықталған еді. Бразилия алтын жүлдеге қол жеткізді.

1998 жыл. Франция. Әлем чемпионатының гимнін Рики Мартин орындады. Уно, дес, трес… але-але-але! Бұл сөздерді естіген адам орнынан тұрып, билей жөнелетін. Ырғағы осындай. Ал чемпионатта Францияның бағы жанды. Роналдо бастаған «Селесао» құрамында Зидан сияқты ойыншысы бар алаң иелеріне төтеп бере алмады.

2002 жыл, Жапония мен Оңтүстік Корея. Әлем чемпионатын екі ел бірлесіп өткізді. Бірінші рет осындай деңгейдегі жарыс Азияда өткенін де айта кетуге болады. Әлем чемпионатының басты әнін Anastacia орындады. Турнирде Бразилия финалда Германияны жеңіп, бесінші рет әлем чемпионы атанды. Финал қақпашы Оливер Кан мен сұрмерген Роналдоның айқасы болды десек артық айтпаған болармыз.

2006 жыл. Германия. Немістер екінші рет әлем чемпионатын өткізді. Гимнді америкалық әнші Тони Брэкстон мен Эль Диво британдық квартеті орындады. R&B әншісі мен опера дауыстарының араласы. Бұл чемпионаттың финалы Зидан мен Матерацци арасындағы даумен есте қалды. «Скаудра Адзурра» пенальти сериясында француздардан басым түсті.

2010 жыл. Оңтүстік Африка Республикасы. Тұңғыш рет доп додасы Африка континентінде өтті. Ал чемпионаттың әнұранын Шакира орындады. Waka Waka әні YouTube-те 3,3 млрд қаралым жинаған. Туындыда Африка елінің ерекшелігі, футболға тән дәстүрлер, ырғақты би мен мықты әртістің үйлесімділігі бар. Ал сол жылдары мықты ойын көрсетіп жүрген Испания чемпион атанды. Қосымша уақытта олар Нидерланд құрамасының қақпасына шешуші голды салған еді.

2014 жыл, Бразилия. Пентакампеондар әлем чемпионатын өткізді. Бірақ олар үшін немістерден 1:7 жеңілген ойын нағыз масқара болды. Германия финалда аргентиналықтарды жеңіп, чемпион атанды. Футболда әлем чемпионатынан басқа барлық жүлделерді алған Мессидің арманы тағы кейінге шегерілді.

2018 жыл, Ресей. Дау-дамайға толы әлем чемпионаты. Қырымға қатысты жағдайға байланысты көптеген ел мен ұйым Ресейден әлем чемпионатын өткізу құқығын тартып алуды ұсынған болатын. Бірақ чемпионат өтті. Финалда Франция Хорватияны жеңіп чемпиондық атаққа қол жеткізді. SMASH, Полина Гагарина мен Егор Крид «Team 2018» әнін шырқады. Гимнді орындаған әншілер осыдан төрт жылдан кейін Украинадағы соғысты қолдайтындарын білмеген де шығар.

2022 жыл, Катар. Бұл чемпионат басталмай тұрып, жемқорлыққа қатысты шу шыққан еді. Катардағы әлем чемпионаты ең көп қаржы жұмсалған мундиаль. Топтық кезеңде командалар екі ойыннан өткізіп үлгерді. Күтпеген нәтижелер, тартысты ойындарды көріп үлгердік. Бір өкініштісі, бұл чемпионат Месси мен Криштиану Роналду үшін соңғы әлем біріншілігі болмақ. Чемпионаттың гимнін Trinidad Cardona, Davido және Aisha орындады.

Сәби Байбосын, арнайы Bassport.kz үшін