2 алтын, 2 күміс, 3 қола: бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының қорытындысы
Испанияның Аликанте қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына 7 медаль түсті, оның екеуі алтын, екеуі күміс және үшеуі қола, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Элина Базарова салды. Ол финалдық кездесуде неміс боксшысы Куцохристоу Крисовалантуды жеңді. Ел қоржынына екінші алтын жүлдені Бақыт Сейдіш (66 келі) салды. Ақтық сында ол неміс спортшысы Карлотта Шуенеманды жеңіп, тұғыр биігіне көтерілді.
Ерлер арасында финалдық кезеңге жолдама алған Нұрбек Мурсал (67 келі) мен Дәулет Төлемісов (75 келі) қарсыластарына есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады.
Ал Гүлназ Бөрібаева (48 келі), Әсем Таңатар (63 келі), Әсел Тоқтасын (81+ келі) Қазақстан қоржынына қола медаль салды.