Айдос Ербосынұлы таяуда елге оралуы мүмкін

Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлының жағдайы жақсарып, таяуда Қазақстанға оралуы мүмкін, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

"АҚШ-та жүрген біздің компания өкілінің сөзінше, боксшының жағдайы әжептеуір түзеліп қалған, яғни физикалық жағдайы да, когнетивті жағдайы да жақсарды. Қазір спортшымыз өз аяғымен жүріп тұра алады, ақыл-есі қаллпында. Аурухана дәрігерлерімен әңгімелесіп, олардың қойған сұрақтарына оңай жауап бере алады. Мамандардың сөзінше, Айдос тез сауығып келеді. Толыққанды жазылу үшін өзі де барын салып тырысуда. Компания өкілінің айтуынша, Айдос жақын күндері емханадан шығып, елге оралып қалуы да әбден мүмкін, - делінген Команда Suleimen Promotions компаниясының Youtube-арнасында. 

Сондай-ақ, спортшының жұбайы АҚШ-қа аттанып, қасында екені белгілі болды. Қазіргі таңда спортшы туған-туыстарымен телефон, әлеуметтік желі арқылы хабарласып тұрады. 

Еске салайық, 7 қараша күні қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (16-0, 11КО) WBA-дің екінші орта салмақтағы «қарапайым» чемпионы – кубалық Давид Моррелмен (7-0, 6КО) жекпе-жекте нокаутпен жеңілген соң жасанды комаға түсті. Ал 18 қараша күні оның комадан шыққаны туралы белгілі болды.