Қазақстан құрамасының экс-бас бапкері "Қайсардың" тізгінін ұстауы мүмкін
Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының басшылығы бас жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаевты алмастыратын маман қарастыруда, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда бес бапкермен келіссөздер жүргізілуде. Соның бірі – ресейлік маман Виктор Кумыков, ал екіншісі - Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов. Нақты шешім 12 желтоқсанға дейін қабылданады.
Айта кетейік, қызылордалықтарды Қазақстан Премьер-Лигасына шығарған Сұлтан Әбілдаев, клубта қала бермек. Бапкер U-21 жастар командасын жаттықтыратын болады.
Сондай-ақ, «Қайсардың» баспасөз хатшысы Ерасыл Қаныбекұлы ойыншылар, бапкерлер мен клуб қызметкерлерінің қыркүйек айынан бастап жалақыларын ала алмай жүргендерін растады. Былтырғы қарызбен қоса есептегенде, клуб қызметкерлерге 400 млн теңге берешек. Мәселені шешу үшін облыстық әкімшілік көмегімен демеушілер іздестіріліп, үш апта көлемінде толық өтеледі деп күтілуде.