Шацкий маусымның үздік қақпашысы атанды

Шацкий маусымның үздік қақпашысы атанды
Футбол

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы 2022 жылғы маусымды қорытындылауды жалғастырып жатыр. Биылғы маусымның үздік қақпашысын анықтау мақсатында Лига футболдан Қазақстан чемпионаты командаларының бас бапкерлері мен капитандары арасында сауалнама жүргізді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Сауалнама қорытындысында 54 дауыс жинаған қарағандылық “Шахтер” футбол клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий маусым үздігі деп танылды. Бұл ол жүлдені екінші жыл қатарынан жеңіп алып отыр. Биылғы маусымда Шацкий 21 ойында командасының қақпасын қорғаған және оның бесеуінде бір де бір гол жібермеген. 

Бұл тізімде екінші орынды “Ақтөбе” қақпашысы Стас Покатилов иеленсе, ал үшінші орынға “Қайраттың” қақпашысы Данил Устименко лайық деп танылды. 

2021 жылдан бастап маусымның үздік қақпашысы жүлдесі қазақстандық Құралбек Ордабаевтың есімімен аталатынын еске сала кетейік.