"Ауыр кездесу": Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Азия біріншілігін жеңіспен бастады

Бокстан Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Сәкен Бибосынов алғашқы кездесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Bassport.kz. 


51 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Сәкен үндістандық Спарш Кумармен кездескен болатын. Бұл жекпе-жек отандық жанкүйерлерді біраз әбігерге салды. Себебі, алғашқы раундта қазылар 2:3 есебімен жеңісті Кумарға берді. Расында, ұзақ үзілістен бері шаршы алаңға шықпағаны әсер етті ме, Сәкен бойының, қолының ұзындығын пайдалана алмай, қарсылас соққыларын жіберіп алды. 


Екінші раунда Бибосынов ашуға мінді. Өзінің ұтылып жатқанын білген соң, қазақстандық боксшы тек алға ұмтылуымен болды. Жанкүйерлер нокдаун күтсе де, жаны сірі үнділік жігіт ішін алдырған жоқ. Бұл раундта барлық төреші жеңісті Сәкенге берді. 


Шешуші үшінші раундта Сәкеннің аяқ алысы айтарлықтай сенімді болған жоқ. Қорғанысты ұмытып, екі қолды төменге жіберіп қойды. Осы аралықта Спарштың соққылары да өтіп жатты. Дегенмен, қорытынды есеп Бибосыновтың пайдасына шешілді. Есеп - 5:0. 


Осылайша, өте ауыр өткен кездесуде қазақстандық боксшы жеңіске жетті.