Билли Джин Кинг Кубогі туралы толық ақпарат
8 қараша күні Билли Джин Кинг Кубогінің финалдық кезеңі басталып, онда теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет бақ сынайды.
Глазгоның (Ұлыбритания) орталық кортында ел намысын Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина мен Жібек Құламбаева қорғайды. Ұлттық құраманың финалдық кезеңге жолдама алуына Елена Рыбакинаның сіңірген еңбегі зор. Астанада өткен квалификациялық кезеңде Қазақстанның бірінші ракеткасының неміс теннисшілері – үш мәрте Үлкен дулыға иегері атанған Анжелика Кербер мен Лаура Зигемундты жеңуі Әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алуымызға себепші болды.
Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық теннисшілер Ұлыбритания құрамасымен кездеседі. Бұл екі ел құрамаларының бір-бірімен екінші рет кездесуі болмақ. 2019 жылы Билли Джин Кинг Кубогінің плей-офф кезеңінде аруларымыз 1:3 есебімен есе жіберген. Ал сол шақта құрама қоржынына жалғыз ұпайды салған Юлия Путинцева болды. Сондай-ақ, ол жекелей сын бойынша ел құрамасының сапында 15 мәрте жеңіс тойын тойлаған жалғыз спортшы. 22 жастағы Жібек Құламбаева болса, биыл ұлттық құрама сапында алғаш рет өнер көрсетті. Жұптық сындағы жұлдызымыз Анна Данилина үшін биылғы маусым сәтті болды. Қазір ол – жұптық сында әлемнің 12-ракеткасы.
Жарыстың келесі күні, яғни 9 қарашада Ярослава Шведованың шәкірттері Испания құрамасымен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды. Қыздарымыздың испан теннисшілерімен Әлем чемпионатында тұңғыш рет кездеседі.