Нұрберген Жұмағазиев: Эстафетадан соң жігіттердің көзі оттай жанып тұрды
Шорт-тректен Қазақстанның ерлер командасы Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандықтар ең алғашқы және соңғы рет эстафетадан 2017 жылы жүлде алған болатын. Араға бес жыл салып, спортшыларымыз күміспен қуантып отыр. Осы орайда, Bassport.kz команданың бас бапкері Нұрберген Жұмағазиевпен арнайы сұхбаттасты.
- Нұрберген, бас бапкер ретіндегі бастамаңыз жаман емес. Бес жыл бұрын өзіңіз осы команда сапында эстафетадан қола медаль ұтып алдыңыз. Қазір жаттықтырушы ретінде тырнақалды табысқа қол жеткізіп отырсыз. Қандай сезімдесіз?
- Әрине, қобалжу басым болды. Спортшы кезімде бапкердің өмірі рахат деп ойлайтынмын (күлді). Борт жиегінде тұрады, тап спортшы сияқты алаңдамайды деген ой бар еді. Енді өзім жаттықтырушы қызметін қолға алған соң, бәрін түсініп, түрлі эмоцияларды бастан кешіріп жатырмын. Негізі, бас құрамаға бірден келген жоқпын. Алдымен Оралдағы жергілікті команданы жаттықтырдым, кейін жастар құрамасын қолға алып, әлем чемпионатына қатыстық. Сол кезде алтын медаль алған едік, төрешілер кінәрат тауып, қайтарып алды. Енді ұлттық құрамамен медаль алып отырғанымыз қуантады. Бапкер ретінде ысылып келемін. Бұл жерде тек менің емес, федерация, спортшылар, дәрігерлер мен басқа да қызметкерлердің еңбегі барын ұмытпау керек.
- Эстафетаға қалай дайындалдыңыздар? Жігіттердің жүлде әкелетеніне сендіңіз бе?
- Бес жыл бұрын мен спортшы ретінде еліміздің намысын қорғап, тап осы эстафетадан жүлде алған едім. Маған эстафетаға қатысқан қатты ұнайтын. Содан бері команданың жаттығу әдісі өзгерді. Ең бастысы - жігіттердің жүрегіне медаль алатын мүмкіндік барын жеткізу керек болды. Ширек және жартылай финалда спортшылардың жүгіретін позициясы әртүрлі болды. Финалға команданы қандай позицияға қойсам деген ой маза берген жоқ. Десе де, бір шешім қабылдап, кешкісін кімнің қалай жүгіретінін түсіндірдім. Бірақ финал болатын күні таңда мен басқа оймен, басқа жоспармен ояндым да, бәрін қасымдағы бапкерлердің біріне айтып бердім. Ол, әрине, басында түсінген жоқ. Алайда жақсы идея екенін жеткізді. Нәтижесін көрдіңіздер. Жігіттер жарады, бәрі өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Мұны командалық жұмыс деп айтсақ, қате емес. Біздің схеманы өзгерткеніміз командаға медаль әкелсе, қарсыластарға тосынсый болды. Әзірге, әлем кубогінің бірінші кезеңі ғана өтті. Алда талай жарыстар бар.
- Жекелей сындағы нәтижеге қатысты не айтасыз?
- Шынымды айтсам, жекелей сында бір медаль болғанын қатты қаладым. Әйтсе де, көрсеткішіміз соншалықты жаман емес. Абзал Әжіғалиев 500 метрге жүгіруде 65 спортшының ішінен жетінші орынға тұрақтады. Денис Никишаны жартылай финалда төрешілер аяқтан шалды деп есептеймін. Шын мәнінде, Денисті италиялық спортшы құлатып кеткен еді. Бірақ қазылар басқаша шешті. Бұл маусымның бастамасы ғана. Нәтижемізді жақсартамыз деген ойдамын.
- Алғашқы кезеңде жүлде алған соң, жігіттердің көңіл-күйі орныққан шығар?
- Жаман емес. Эмоцияны сөзбен жеткізе алмаймын. Бәрінен бұрын, жігіттер үшін қуаныштымын.Мәреге жеткен соң, олардың көзінен ерекше ұшқын көрдім. Әсіресе, Денистің көзі жанып тұрды. Бұрын мен Дениспен бірге эстафетада жүлде алғам. Ол сол кезде тап осылай қуанбаған еді. Команда үшін шын қуаныштымын. Енді АҚШ-та өтетін әлем кубогіне қатысамыз. Құрамды жақындағанда айтамын.
Сұхбатыңызға рахмет!